АҚШ үкіметінің мәліметінше, Қытай Оңтүстік Қытай Теңізіндегі Спратли (Нанша) аралдарына байланыс және радиолокациялық жүйелерімен жабдықталған әскери тұрақтар орнатқан. Құрама Штат үкіметі бұны Қытайдың Оңтүстік Қытай теңізін үздіксіз милитаризациялаудағы маңызды қадам деп бағалаған. Бұл туралы VOA ақпараттық сайты хабарлады.

Спратли шағын аралдарына салынған бұл әскери бекеттер Қытайдың аймақтағы бақылау мен иелік ету қуатын нығайта түспек. Уашингтонның  бұл іске назар аударуының себебі, бұл теңіз және әуе бекеті АҚШ-тың аймақтағы әскери операцияларына үлкен кедергі келтіреді. Оның үстіне Оңтүстік Қытай теңізі әлемдегі ең үлкен жүк тасымалдарының бірі.

АҚШ лауазымдыларының мәліметіне қарағанда, Қытай Теңіз армия күштері бұл аймақта әскери жаттығу өткізуге дайындалуда. Бұл аталған аймақтағы ең үлкен әскери жаттығу болмақ. Жаттығуға Қытайдың теңіз, әуе және құрылық қарулы күштері қатысады.

АҚШ Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі мәлімдемесінде: «Қытай тарабы Спратли аралдарына толықтай әскери жабдықтарын орнатып болды. Бұл алдағы уақытта өңірдегі АҚШ-тың әскери қадамдарына үлкен кедергі», – деді.

Өткен айда АҚШ-тың The Wall Street Journal басылымы Коммерциялық спутниктік компаниясы түсірген суреттерді жария еткен болатын. Суретте жасанды аралдарға орнатылған күдікті нысандар көрсетілген. Қытай тарабы бұл аумақта 2014 жылдан бері қарай 7 жасанды арал жасап, әскери нысандарға пайдаланған.

Қытай Қорғаныс министрлігі бұл туралы өз көзқарасын білдірген жоқ.

“The Qazaq Times”