Елімізде азық-түлік өнімдері бағасы түрлі деңгейге жетіп отыр. Соның ішінде, айрықша ет бағасы едәуір деңгейде артқан. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Қазақстанда үстіміздегі жылдың наурыз айында 2017 жылдың желтоқсан айымен салыстырғанда ауылшаруашылық өнімдерінің бағасы 0,4%-ға, мал өнімдерінің бағасы  1,6%-ға артып, ал астық өнімдерінің бағасы 0,3%-ға төмендеген. Аталған мекеменің мәліметі бойынша, қаңтар-наурыз айларында қарақұмық (гречиха) бағасы 2,7%-ға, қарабидай - 1,8%-ға,  бидай - 0,4%-ға, жүгері 0,3%-ға, сұлы - 1,6%-ға, тары - 1%-ға, ал күріш бағасы 0,4%-ға төмендеген.

Бұлардан бөлек, жабық топырақта өсірілген қияр бағасы - 24,1%-ға, капуста - 5,1%-ға,  қызанақ - 3,4%-ға, картоп пен қызылша 0,5%-ға артқан. Ал сәбіз 0,8%-ға, пияз - 0,4%-ға артқан. Тұтынушылар баға нарығындағы осындай елеулі өзерісті, яғни кейбір азық-түлік бағаларының төмендеуіне қуанғанмен, ет бағасы керісінше көтеріліп тұр. Мәселен, тауық етінің бағасы 3,3%-ға, ірі қара мал еті - 2,2%-ға, жылқы еті - 0,9%, қой еті - 0,6%-ға артқан. Шикі сүт бағасы 3,6%-ға, қой жүні 1,1%, ал тауық жұмыртқасының бағасы - 4%-ға азайған.

“The Qazaq Times”