АҚШ президенті Трамп пен Солтүстік Корея басшысы Ким Жоң Унның кездесуі туралы қазірге дейін егжей-тегжейлі мәлімет жоқ. Дегенмен, хабарларға қарағанда екі ел арасында қазірдің өзінде құпия байланыс орнатылған. Бір күн бұрын АҚШ президенті аталған кездесудің мамыр айының соңы немесе маусымның бас шенінде өтетінін мәлімдеді. Бұл туралы ABC News хабарлаған.

Осыдан бұрын АҚШ лауазымдыларының бірі Солтүстік Корея басшысы Ким Жоң Унның Трамппен кездесуге дайын екенін жеткізген еді. Кездесудің орны, нақты уақыт, қатысушылар туралы егжей-тегжейлі мәлімет қазірге дейін таратылмады. Ақпарат көздерінің мәлімдеуінше, Уашингтон (Washington) мен Пиоңяң (Pyongyang) арасында келіссөз жүргізу ісіне байланысты диалог жүріп жатыр. Тараптар келісімге келгеннен кейін ғана бұндай мәліметтерді ашық жариялауы мүмкін.

Трамп пен Ким Жоң Унның кездесуі өңір қауіпсіздігінің ғана емес, әлемнің бейбітшілігі тұрғысында өзіндік салмағы бар кездесу болмақ. Себебі, мұнда әлемнің басты тақырыбы болған ядролық қару және одан бас тарту туралы мәселелер сөз болмақ. Корей түбегінің ядролық қарусыздануы әлемдік геосаясатқа аз болмаған өзгерістер алып келері сөзсіз.

Дегенмен сарапшылар Солтүстік Корея ядролық бағдарламаларын тоқтатқанымен, қолында бар ядролық қаруынан бас тартуы екіталай деп қарайды.

Уашингтондағы Ұлттық зерттеу орталығы Қорғаныс жөніндегі зерттеу басқармасының директоры Гарри Казянисидің пікірінше, Солтүстік Корея ядролық қарудан бас тарту талабын орындаудың өтемі тым ауыр болуы мүмкін.  Ол сөзінде: «Олар мүмкін жүздеген миллиард қаржылай көмек сұрауы және Құрама Штат армиясының Корей түбегінен шығып кетуін талап етуі бек мүмкін. Бұның сыртында Оңтүстік Кореядан барлық ядролық технологиялар мен ядролық реакторлардан бас тартуды талап етуі де ғажап емес", – деді.

“The Qazaq Times”