Қазақстан мен Иран Қорғаныс министрлері Мәскеуде кездесті. РФ Қорғаныс министрлігі жағынан ұйымдастырылған Халықаралық қауіпсіздік жөніндегі VII Мәскеу конференциясы аясында ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілдері ИИР қорғаныс министрі бастап келген өкілдермен кездесіп, екіжақты маңызды мәселелерді талқылаған.

ҚР Қорғаныс министрлігінің ресми сайты көрсеткен мәліметке қарағанда, Мәскеу конференциясында, терроризмге қарсы күрестегі өзекті мәселелер, Еуропа мен Таяу-Шығыстағы қауіпсіздік мәселелері және Азия-Тынық мұхиты мен Орта Азия қауіпсіздігіне қатысты тақырыптар талқыға түскен.

Иранның IRNA ақпараттық агенттігінің хабарына қарағанда, Қазақстан мен Иран Қорғаныс министрлігінің басшылары мен лауазымды өкілдері екі елдің тарихи, діни және мәдени қарым-қатынастарының қауіпсіздік мәселесіндегі рөлдері туралы сөз еткен. ИР қорғаныс министрі: «Қазақстан аймақтың тұрақтылығы мен қауіпсіздігін сақтауда, әсіресе Сүрияға қатысты Астана келіссөзінде, сондай-ақ ядролық мәселе төңірегіндегі келіссөзде шешуші рөл атқарды», – деп бағалаған.

“The Qazaq Times”