Бүгін, 31 қаңтар күні кеште, Алматыдағы Алатау дәстүрлі өнер театрында «Ағажай, Алтайдай жер қайда...» атты Алтай-Тарбағатай өңірінің дәстүрлі музыкалық кеші өтті деп хабарлайды The Qazaq Times. 

Алатау дәстүрлі өнер театрында қазақ өнері мен мәдениетінің көргізбесі өтіп жатыр. Бүгінгі Алтай-Тарбағатай өңірінің музыкалық кеші де соның бір парасы. Шараның жалпы барысы мен мақсаты туралы театрдың көркемдік жетекшісі Базарбек Атығайды сөзге тартқан едік:

Шара Дәстүрлі өнер театрмызда, 28-ші Бүкіләлемдік Универсиадаға орай, Алматы қалалық Мәдениет басқармасының арнайы тапсырмасымен өтуде. Шара уақыты 30 қаңтар мен 8 ақпан арасында болады. Кеше Арқа ән-күйлерінің кеші өтті, бүгін міне  Алтай-Тарбағатай өңірінің музыкалық кешімен жалғасуда. Алда Жетісу, Сыр, Батыс дәстүрлі музкалық мектептерінің кештері бар. Сәуле Жанпейсова, Еркін Шүкіман қатарлы дәстүрлі әншілердің жекелеген шығармашылық кештері, Батыржан Мықтыбаевтың күй кешіне жалғасады. Студент жас ақындар айтысы да болмақ.

Сонымен қатар, «Алатау алабында» атты этно-фестиваль өтуде, дәстүрлі музыка өнеріміз ғана емес, қазақтың қолөнер, тағам мәдениеті,  қысқаша айтқанда этнографиялық өмірін таныстыруды мақсат еткен кешенді шараны қолға алып жатырмыз.  

Осының бәрі Универсиада қарсаңында қала қонақтары мен қала тұрғындарына арналып отыр. Бұған қалалық Мәдениет басқармасы қолдау көрсеткенін айта кеткен жөн. Шара басталғалы шетелдік қонақтардың аяғы үзілген жоқ. Қазақ мәдениетімен танысып, ұлттық тағамдардан ауыз тиіп, разы болсып жатыр.

"Алатау алабында"

Бүгінгі кеште өнерпаздар Алтай-Тарбағатай өңірінің бай мазмұндағы өнер туындыларын тарту етті. Ел есінен ұмыт бола бастаған бірнеше өнер туындысы халыққа қайта көрсетілді. Кеште Еркін Шүкіманов, Ерлан Рысқали, Бағлан Бәбіжан, Сәулежан Дағзия, Әліби Бегайдар, Талғат Әбуғазы, Марат Төлепберген қатарлы танымал дәстүрлі әншілер мен Нариман Қажымұратұлы, Жасұлан Мұсағали, Гүлмира Асылбек,  Қазтай Ахмет, Ділмұрат Қуантайұлы сынды жас әншілер ән салды. Шығыс ән мектебінің «Жорғатай», «Керім-ай», «Кербез керім», «Гүлдерайым» сынды халық әндерін, «Сұлубай», «Ой, Ғайша», «Қос жеңге», «Қайран Алтай-Марқакөл» қатарлы халық композиторларының әндерін, «Жігіттер ән салыңдар» сынды ұмыт бола бастаған әндерді орындап, кеш қонақтарын қоңыр әуенмен тербеді.

Арғымақтай арындап өлең айтсам...

Сыбызғышы Талғат Мұқыш, күйші Мұқаш Таңғұтұлы, Сырым Нұрбол, Нұрданқожа Сұлтанқожаұлы қатарлы күйшілер авторлық және шығыстық халық күйлерін орындады. Кештің өзіндік бояуы ретінде Шығыс ән мектебінің ерекшелігіне жататын қобыз және үш ішекті домбыраның сүйемеліндегі ән айту қазақ музыка өнерінің байлығын толық танытқандай. Залдағы азғантай техникалық ақаулар да, кеш тыңдармандарының Алтай-Тарбағатай ән-күйіне деген қызу ынтасын баса алмады. Кеш шымылдығын «Абат» тобы «Ағажай, Алтайдай жер қайда-ай» әнімен жапты.

Дәстүрлі өнердің дүлдүлдері

“The Qazaq Times”