АҚШ-Қытай сауда соғысының алғашқы раундында америкалық БАҚ екіге жарылды

Қытай үкіметі сәрсенбі күні АҚШ-қа сауда қысымын түсіретін шаралар қабылдағаны туралы жария етті. АҚШ басылымдары бұл туралы: «Қытай «еруліге қарулы» деген бейне танытып отыр, АҚШ пен Қытай сауда қатынасы шынында соғысқа ұқсап бара жатыр», – деп бағалады. Екі елдің БАҚ-ы бұл «сауда соғысында» кімнің соғыс құрбаны болатыны туралы жарыса жазуда.

Құрама Штаттағы ықпалды ақпарат құралдары «Уашингтон Пост» (Washington Post) пен CNN арнасы, бұл сауда соғысын бастаушы Трамп деп көрсетті және оның ең басты зардап шегушілері Трампқа қолдау көрсетіп, оны Ақ үй төріне шығарған жақтастары деген пікірлерін жария етті. Бұған қоса Қытай тарабы Құрама Штаттағы сайлаушылар (Трамптың жақтастары) арқылы Ақ үйге қысым түсіруге тырысып отырғанын алға тартады.

Дегенмен, Fox News арнасының бұл туралы хабарында: «Трамп үкіметі халыққа түсінік беріп, бұл уақыттың соққы екенін, соғыстың соңғы жеңімпазы бәрі бір Америка Құрама Штаты болып қалатынын анықтап айтуы керек», – деді. Сонымен, «АҚШ-Қытай сауда соғысы» тақырыбында америкалық БАҚ дәстүрлі түрде екіге жарылды. Алдынғылары Демократтарды жақтаушы БАҚ болса, соңғысы Республикашылдарға қарасты медиа. Кім не деп жатыр?

«Уашингтон Пост»: Қытай америкалық сайлаушылар арқылы Ақ үйге қысым жасамақ.

Қытай сәрсенбіде АҚШ-тың 50 миллиард долларлық құнға ие импортына жаңа тарифтерді енгізгенін жариялап, Трамп әкімшілігінің қытайлық тауарларға қаратқан тарифтік жоспарынан «кек алатынын» аңғартты. «Уашингтон Пост» басылымы осы мәліметті бере отырып: «Қытай қарымта шабуылға өтті. АҚШ-тың соя бұршағын қамтыған 106 негізгі экспорттық өнімдерін тариф тізіміне енгізу «Сауда соғысының» соңғы басқышқа жеткені», – деді.

Аталған басылым, Қытайдың соя бұршақ секілді ауылшаруашылық өнімдеріне және автокөлік пен ұшаққа жаңа тарифтерді енгізу Трамп үкіметіне үлкен саяси проблема жасап беруі мүмкін екенін айтады. (Соя бұршақтың автокөлік, ұшақтармен қатар аталатын себебі, бұл ауылшаруашылық өнімі АҚШ-тың Қытайға бағытталған экспортының басым бөлегін ұстайды.

«Уашингтон Пост» басылымына пікірлерін берген сарапшылар: «Қытайдың кезекті жасаған қадамы, Трампқа отпен ойнап отырғанын білдіргісі келу екені байқалады. Қытай АҚШ-қа: «Біз істі бұдан да қиындатуға, сендерді барлық ауыртпалықта қалдыруға дайынбыз» деген ескерту жасады», – деген пікірін қосады. Басылымның айтуынша, Қытайдың басты мақсаты – америкалық сайлаушылар арқылы Ақ үйге қысым түсіріп, Трамптың сауда саясатын жүзеге асырмау.

Ықпалды басылымның бұлай дейтіні, 2016 жылы сайлауда Трамптың пайдасына дауыс берген штаттардың басым көбі аграрлық өнім өндіруші штаттар. Қытай АҚШ-тың аграрлық өнімдеріне жаңа тариф енгізу арқылы Трамптың қолдаушыларына қысым түсірмек. Ең үлкен базарынан айырылған фермерлер Ақ үйге аталған сауда саясаттан бас тарту талабын қоюы мүмкін дегенді алға тартқаны. Аталған басылым Шанхайдағы Фудан Университетінің халықаралық зерттеу орталығының аға зерттеушісі Чын Диңлидің сөзін келтіре отырып, Қытай америкалық фермерлерді қозғалысқа келтіріп, Ақ үйге қысым жасайтынын қадап айтады.

АҚШ-тың Ауылшаруашылық ұйымы сәрсенбі күні АҚШ Сауда палатасы және АҚШ Өндіріс қауымдастығымен бірге президентке талап қойып, сауда тарифтерін Қытайдың индустриалды саясатын өзгертуші құрал етіп пайдаланбауды ескертті. Трамп үкіметі Қытайдың әділетсіз сауда саясатына ашынулы. Әрі Қытай тарабы америкалық компанияларға технологияларды қытайлық компанияларға өткізіп беру талабын қояды. Бұл АҚШ үкіметінің ашуына тиген бір ғана іс емес, Қытайды АҚШ-тың сауда құпияларын кибер-шабуыл арқылы ұрлау, АҚШ-тың жоғары технология компанияларын ашық нарықтан сатып алу, зияткерлік құқықтарға қол сұғу қатарлы істермен айыптайды. Ақ үйге Трамп келгелі бері Уашингтон нақты шектеулер жасай бастады. Сауда тарифтері арқылы қысым түсірсе, Қытай тарабы бұл талаптарын қайтарып алады деп үміттенген. Бірақ, Бейжің «еруліге қарулы», «келсең келге» көшті.

«The New York Times»: Сауда қақтығысы әлем экономикасын былықпалыққа салады.

Әлемге танымал «Нью-Йорк Таймс» басылымы, АҚШ-Қытай арасындағы тарифтермен жауаптасуы туралы айта келіп: «Егер бұндай егерлесу жалғаса берсе, бұл екі елдің экономикасына зиян тигізіп қана қоймай, әлемдік экономиканы былықпалыққа салады», – дейді. «Нью-Йорк Таймс» осыдан екі күн бұрын АҚШ Бизнес қауымдастығының Трамптың сауда саясатына қарсы екенін білдіріп, оған қоса көлемді сараптама жариялап еді.

Шын мәнісінде Қытайдың әділетсіз сауда саясатына қарсы шараларды қолдану, Трамптың сайлаудан бұрын өзін Құрама Штатқа танытқан жобасының бірі еді. Бұл және америкалықтардың қызу қарсы алуына бөленген болатын. Бірақ, сол кезде Трампты жақтаушылардың қатаң сауда саясатының өзіндік кері әсері болатынын және Қытайдың қарымта шабуылы бар екенін ескермесе керек. Қор нарығының төмендеуіне байланысты, кейбір америкалық компаниялар да шегініп шығатынын мәлімдеген.

«The New York Times»  басылымының мәлімдеуінше, «General Electric» және «Goldman Sachs» сияқты өнеркәсіптік алпауыттар және кейбір ауыл шаруашылық компаниялары Ақ үйге қарсылық білдіріп, Тынық мұхиттың екі жағындағы тарифтер мен инвестицияларға қатысты шектеулер АҚШ-тың әлемдегі ең табысты және жылдам дамып келе жатқан нарығын құлдыратуы мүмкін екенін ескерткен.

Fox News: Трамп үкіметі бұның «жеңіл жарақат» екенін халыққа түсіндіруі керек.

Fox News арнасы бұл таласты тақырыпта өз пікірін кібіртіктемей ашық білдірген ақпарат құралы болды. Fox News осы жолы да «сүйікті президенттерін» қолдап, соның жағында сөйледі. Бұл Трампқа шабыт бергенмен бірдей болды. Аталған телеарна хабарында: «Қытай АҚШ-тың досы емес, Трамптың Қытайды қыспаққа алуы өте дұрыс», – деген пікірін жариялады.

Хабарда: «Сіз бен бізге белгілі болғанындай, АҚШ пен Қытай бүгін ғана емес, алдағы уақытта да әлем алдында күш-қуатпен ықпал үшін бұдан да күшті тіресулерге барады. Трамп үкіметі нақты шараны қабылдап отыр. Қытай АҚШ үшін дипломатия, экономика және әлемдік саясаттағы күшті қарсылас болмақ. Алдағы бәсеке бұдан да қатаң болады», – делінген.

Fox News арнасы сарапшылардың да пікірін ұсына отырып: «Трамп үкіметі халыққа қазіргі жағдайдың сауда соғысындағы жеңіл зақымдалу екенін, ұзақ болашақтан алып қарағанда Құрама Штат үшін тиімді екенін түсіндіруі керек. Болмай қоймайтын бұл соғыстың соңғы жеңімпазы АҚШ болатынын айтуы керек», – деген.

АҚШ-та Трамп үкіметін жақтаушы тағы бір ықпалды ақпарат құралы Breitbart News сайты да, Ақ үйдің көзқарасын көбірек қайталады. Сайтқа сұхбат берген Ақ үйдің бас экономикалық кеңесшісі Ларри Кудлоу (Larry Kudlow): «Президент бұл күресті Америка Құрама Штаты үшін жасады, әлемдік сауданы жақсарту үшін жасады», – деген пікірін берген.

Міне бұлар АҚШ-Қытай сауда соғысы туралы Құрама Штаттағы БАҚ-тың пікірлері. Әр қадамы санаулы, әр көмегі сатулы Қытайдың сауда саясаты мен өзге де саясаты алдында Орта Азияның дәрменсіз екені белгілі. Бірақ, бұған қарсы АҚШ-та басталған күрестің толқыны, мұхиттың арғы бетінде қалып қоймайды. Ертеңгі күні Еуропа елдері Құрама Штатқа үн қосса, бұл әлемнің екінші ірі экономикасы саналатын Қытай үшін үлкен соққы болып дариды.  

“The Qazaq Times”