АҚШ пен Қытай сияқты әлемдік экономиканың көшін бастаушы елдер сауда соғысы мәселесіне қатысты ортақ мәмілеге келе алмай жатқанда Африка елдері құрлықты бірлескен еркін экономикалық аймаққа айналдыруға бағытталған тағы бір қадам жасап үлгерді. Африка Одағына мүше 44 мемлекеттің "Continental Free Trade Area" (CFTA) атты құжатқа қол қойғаны туралы "Deutsche Welle" ақпараттық агенттігі хабарлады.
"Continental Free Trade Area"-ға қол қоюшы елдердің саны мен сол елдердің тұтас халқын есепке алар болсақ, бұл бірлестік әлемдегі ең ірі еркін сауда аймағына айналуы мүмкін. Аталған мәселе бойынша келісімшарт екі жыл мерзім ішінде жүргізілген. Еркін сауда аймағын жүзеге асыру үшін келісімшартқа қол қоюшы елдердің барлығы оны ұлттық деңгейде бекіту керек.
Еркін сауда аймағының сәтті түрде жүзеге асырылуына оған әзірге құрлықтағы Оңтүстік Африка Республикасы мен Нигерия, сондай-ақ АО-ға мүше әрі құрлықтағы экономикасы дамыған тағы тоғыз елдің қатыспағандығы себеп болуы мүмкін. Соның ішінде Нигерия президенті Мұхаммед Бухари аталған келісімшартқа қол қоймауының себебін алдымен өз еліндегі мемлекеттік қызметкерлермен кеңесуі керектігімен түсіндірді.
Бұған қарамастан Африка Одағы құрлықтағы өзге елдер аталған келісімшартқа сәл кейінірек болса да қатысады деп күтуде. Егер құрлықтағы барлық 55 ел "CFTA" мүшесі атанар болса, онда бұл әлемде ішкі жалпы өнімі екі миллиардтан асатын әрі 1,2 млрд. халықтан тұратын бірыңғай жаңа нарықтың пайда болғандығын көрсетпек.

“The Qazaq Times”