Солтүстік Қазақстан облысы басшылығы Германияның «CLAAS» концернімен келіссөздер жүргізуде. Бұл жайында өңір басшысы Құмар Ақсақалов облыстық әкімдіктің отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі. 

«Біз бұрынғы «Қазтехмаш» зауытының аумағында ауыл шаруашылығы техникасын жинайтын жаңа кәсіпорын ашуды жоспарлап отырмыз. Сәуір айында немістің «CLAAS» компаниясымен келіссөздерді тәмамдаймыз. Біздің делегация Германияға барды, олардың өкілдері бізге келді. Ауыл шаруашылығы министріне кіріп шықты, барлық инстанциялар өтті. Сәуірдің басында тағы кездесіп, нақты шешім шығарамыз. Бұл компания комбайн, трактор және егін себу кешендерін жинайтын әлемдік көшбасшы. Өте қызықты жоба болады», - деді Құмар Ақсақалов.

Сондай-ақ өңірде трансформаторлар шығаратын зауытты салу жөнінде де мәселе қаралып жатыр. Қазір жобаның құрылтайшыларымен келіссөздер жүргізілуде. Бұған қоса, «Зиксто» зауытының аумағында жаңа вагон жинау зауытын құру жоспарда бар. Өндіріс ошағының қуаттылығы жылына 5 мың вагонды құрамақ.

“The Qazaq Times”