Адамзаттың қоғамы қарапайымнан күрделіге дамыды. Алғашқы қауымдасқан қоғам үлгісі қалыптаса бастағаннан-ақ қылмыс адамзат қоғамының көлеңкелі бір беті болып келеді. Заң-ережелер, моральдық нормалар, дін, жаза және жаза құралдары, түрме т.б. Міне бұлар адамзаттың өз қоғамында қылмысты болдырмауға, оның алдын алуға және қылмыс өткізгендерді жазалауға ойлап тапқан өз «тапқырлығы».

Түрменің тіліміздегі байырғы атының бірі – абақты. Қылмыс өткізушіні уақытша қоғамнан, адамдардан оңашалауға, сол арқылы қоғамды қылмыс көзінен тазартуға пайдаланған. Қазақ даласында түрме, абақты ұғымдары орыс отаршылдығымен бірге келгені де тарихтан белгілі. Одан бұрын көшпелі қазақта адамның ең үлкен құндылығы бостандығын шектеуге арналатын абақтылар болмаған. Бірақ бүгінде қадағалаудан кеткен түрме атаулылар қылмыстыны тәубесіне келтіруден көрі, қылмыс әлеміне тереңірек енуге «тәрбиелеуші» орынға айналып бара жатқаны жасырын емес. Әлемнің көптеген елінде түрмелер қылмыскерлерді дайындаушы орынға айналып қалды.

Латын Америка түрмелері. Фото: Oddities.

Дегенмен, Норвегиядағы Халден түрмесі әлемдегі бұл айтылғандардан өзгеше. Онда жазасын өтеушілерді қоғамға пайдалы адам етіп тәрбиелеуге барлық шарт-жағдай жасалған. BBC хабарында, Халден түрмесінде темір торлардың орнында кәдімгі терезелер орнатылғанын айтады. Бұл жаза өтеушілердің өзін қылмыскер ретінде сезінбеуі үшін жасалған екен. Өзін қылмыскер екенін сезіну оларды қайталай қылмысқа итермелейді деп қарайды. Халден түрмесінде жаза өтеушілер оқу, мамандық игеру, күзетшілік және түрлі жұмыстар істеумен айналысады. Нәтижесінде, Норвегияда қайталай қылмыс өткізу көрсеткіші бір пайызға жетпейді. Ал бұл елде түрме жазасын өтеп шыққандардың қайталай қоғамға араласа алуы жоғары көрсеткіште.

Халден түрмесі. Фото: richarddawkins.net.

Солай деген күнде де, Норвегияның бұл саясатын сынаушыларда көптеп табылады. Олар абақтының тым кемелді жабдықталып, өте жоғары шарт-жағдайда жасалғанын сынға алады. «Олар зорлық-зомбылық жасады, олар өзінің қателігін танып, жазасын өтеуі керек», – дейтін пікірлер көп. Бірақ, үкімет жекелеген қылмыскерлерді жазалаудан көрі қоғамда қылмыстың қайталануын болдырмау көбірек пайдалы деген ұстанымынан айнымай келеді. Тіпті олардың жаза мерзімін өтегеннен кейін қоғамдық ортамен араласуына, баспана және жұмыспен қамтылуына жәрдемдеседі.

"Қолөнерші қылмыскерлер". Фото: Inforum.

Сөз басында айтқанымызда көшпелілер даласында абақты салынбаған. Бірақ бұл тентегін тектемеген деген сөз емес. Арғы ғұн, түркіні айтпаған күннің өзінде, қазақ жұрты «Қасым ханның қасқа жолы», «Есімханның ескі жолы», Әз-Тәуке ханның «Жеті жарғысы» бойынша сотқары жөнге салынып, тентегі тезге салынып отырған. Тіпті ардан аттап, жосын бұзған жүгенсіздерді атқа сүйрету, үстінен қоралы қой айдау, ел аралатып масқаралау, қаралау, бедемге салу, атқа теріс мінгізу секілді ауыр жаза түрлері де болған.

Қодар мен Қамқа – "Құнанбай" фильмі. Шариғат жолымен жазалау қазақ даласына кейін келді. Фото: Әдебиет порталы.

Қылмыстың алдын алу үшін жазылмаған дала заңы адамдарды ар-ұятқа көбірек жығынды еткен. Асқанын кие, рух, ата-баба аруағын, жаратушыны сыйлауға тәрбиелеген. Байтақ далаға терең тамыр тартқан ардың соты, көшпелінің ең үлкен қорғаны, қоғамының сақшысы болған. Еркіндікті Тәңірінің ең үлкен сыйына балаған көшпелі тар қапас, терең зынданды тамұқпен қатар елестеткен. Міне бұл – монолитті біртұтас ұлт тұсындағы қазақ қоғамының көп жұртта жоқ жетістігінің бір парасы.

“The Qazaq Times”