Біріккен Ұлттар ұйымының "Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы" агенттігінің (WFP) Директоры Дэвид Бизли: "Жер шарында болып жатқан қақтығыстардың кесірінен аштан өлу қаупі төнгендердің саны соңғы екі жылда 55 пайызға артып, 124 миллионға жетті" , - деп дабыл қағуда. Яғни, талғажу етер бір үзім нанға зар болғандардың саны екі жылда екі есеге артқан.

Қарулы қақтығыстар мен түрлі деңгейдегі соғыс салдарынан ас-сусыз қалғандар туралы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мәлімет беріп, жауапты тұлғалардың назарын аударған Бизли, қарулы қақтығыстардың азық-түлік жетіспеушілігіне жол ашқанына, соның кесірінен пайда болған тұрақсыздықтың аталған қауіпті одан сайын үдеткеніне алаңдаулы. Қазірше, соңғы мәліметтерді сараптап, сандарды сөйлетер болсақ, Африканың Сахель аймағын айтпағанның өзінде, Буркина Фасо, Чад, Нигер, Мали және Мавритания елдерінде азық-түлік жетіспеушілігінің зардабын тартушылар соңғы бес жылда 30 пайызға артқан.

Түрлі ресми мәліметтерден белгілі болғандай, аш құрсақ 815 млн адамның 60 пайызы соғыс аймақтарында өмір сүреді екен. Ал, 124 млн адамның шамамен 32 миллионының Сомалиде, Йеменде, Оңтүстік Суданда және өткен жылы ашаршылыққа тап болған Нигерияның солтүстік-шығысында тұратындары расталды.

Аштыққа ұшыраған 490 млн адамның 80 пайызы балалар

БҰҰ-ның гуманитарлық мәселелерді үйлестіруге жауапты бас хатшысының көмекшісі Марк Лоукок та құрғақшылық пен ашаршылықтың көбінесе ұзақ уақыттан бері қақтығыстар болып жатқан елдерде кең таралғанын хабарлаған еді. Ал статистика бойынша, сол елдердегі аштықтан зардап шегушілердің басым көпшілігі балалар болып тұр.

Үш ел ашаршылық "тырнағында"...

Негізінен, ашаршылық Нигерияның солтүстік-шығысы мен Йемен және Оңтүстік Судан елдерін де жайлап тұр. Ресми болжамдарға сүйенсек, аталған елдердегі жағдай кем дегенде әлі 6 ай бойы тұрақталмауы мүмкін. Ал Эфиопия, Сомали және Конгодағы азық-түлік жетіспеушілігінің алаңдатарлық деңгейде екендігі сонша, БҰҰ тиісті ұйымдарды тез арада қауіпсіздік шараларын қолға алуға шақырып отыр.

“The Qazaq Times”