Францияның оңтүстігіндегі Требес қаласында қарулы шабуыл орын алып, нәтижесінде үш адам ажал құшып, 16 адам жараланған. "Reuters" агенттігі супермаркетке тұтқиылдан шабуыл жасаған бір ғана қарулы террорист тарапынан жүзеге асырылған оқиғаға ДАИШ-тың әрекеті деп баға беруде.

Жалғыз өзі болғанына қарамастан, тәртіп сақшыларының құрығына бой бермеген террорист, алдымен супермаркеттегі адамдардың барлығын кепілге алған. Франция ішкі істер министрлігі берген мәліметке сәйкес, қылмыс жасаған террорист үш жыл бұрын Парижде 129 адамның өмірін жалмаған шабуылды ұйымдастырғандардың бірі Салах Абдесселамның бостандыққа шығарылуын талап еткен. Осыған қарағанда, аталған оқиға туралы әлі нақты ресми мәлімет болмаса да, бұл жолғы күдіктінің де Салах Абдесселамның сыбайласы, яғни ДАИШ мүшесі екендігіне күмән жоқ.

Париж Бас прокуроры Француа Молинс, БАҚ өкілдеріне берген мәлімдемесінде:

"Шабуыл жасаушы "Super U" атты дүкенге "Аллаху әкбар" деп айқайлап кірген. Сөйтіп ол өзінің ДАИШ-тың әскері екендігін және Сүрия үшін жанын беруге дайын екенін айтты" , - десе де, Франция билігі оқиға болған жерде өлтірілген шабуылшы мен ДАИШ арасындағы байланыстың әлі нақты анықталмағанын айтуда.

“The Qazaq Times”