АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі жаңа кеңесшісін таныстырды. Елдің БҰҰ-дағы бұрынғы тұрақты өкілі болған Джон Болтон енді Ұлттық қауіпсіздік кеңесшісі қызметін атқарады. Ол генерал Гарберт Макмастердің орнына келеді.

"2018 жылдың 9 сәуірінен бастап Джон Болтонның менің Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшім болатынына қуаныштымын. Мен тапсырылған жұмысты атқара білген және әрқашан менің досым болып қалатын генерал Макмастердің атқарған қызметіне өте ризамын", - деп жазған Трамп өзінің твиттер парақшасында.

Президент бірнеше апта бұрын Джон Болтонмен Макмастердің кеңесші қызметін ауыстыру туралы мәселені талқылаған. Дереккөздердің мәліметінше, Болтон президент кеңешісі болып тағайындалса, ешбір соғыс бастамауға уәде берген.

CNN арнасының ақпаратынша, Трамп бірнаше ай бұрын Герберт Макмастермен сөзге келісе алмаған соң, оны ауыстыру туралы шешім қабылдаған.

Америкалық саясаткер Джон Болтон 1989 және 1993 жылдар аралығында АҚШ мемлекеттік хатшысының халықаралық ұйым жөніндегі көмекшісі болған. 2001-2005 жылдар аралығында мемлекеттік хатшының қарулы күштерді бақылау жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Ол Ресей, Солтүстік Корея, Иран, Куба сынды елдерге қатаң саясат ұстануды қолдайтындардың қатарында.

Айта кетейік, бұдан бұрын АҚШ президенті мемлекеттік хатшы Рекс Тиллерсонды да қызметінен босатқан еді.

The Qazaq Times