Егер кредит рәсімдеу кезінде алынатын комиссияны немесе пайызды алып тастап, популизмге жол берілсе, онда мемлекет үнемі банк секторын қолдауына тура келеді. Бұл туралы «Халық банк» АҚ басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова мәлімдеді. 

«Біз Ұлттық банктің осындай бастамасы бар екенін көріп отырмыз. Біз мұндай бастамалардың бәріне қатысамыз, талқылаймыз. Жалпы, біз бірге жұмыс істейміз. Яғни, бұл банк қауымдастығымен бірге жасалған көзқарас. Бірақ банк бизнесі – ол міндетті түрде комиссиялық кіріске сүйенеді. Барлық жерде, әлемде де керісінше, банк комиссиясы жақсы болса, ол бизнестің кемелді екенін көрсетеді. Яғни банктерге тек пайыздық кірістерді қалдыруға болмайды. Мүмкін пайыздық кірістер - бұл тәуекелі жоғары кредиттер шығар. Шын мәнінде бұл (комиссия алу -ред.) банк секторында бар әлемдік практика, әлемдік стандарт. Сондықтан пайызды, комиссияны алып тастап, популизмге жол берер болсақ, онда мемлекет үнемі банктерге қолдау көрсетумен болады немесе банк қызметін тоқтатады», - деді Халық банк басшысы.

Айта кетейік, осыдан біраз апта бұрын Әділет министрі Марат Бекетаев меншік құқығын және арбитражды қорғауды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын таныстыру кезінде кредит беру және қызмет көрсету кезінде алынатын комиссияны жою ұсынысы жайында айтқан еді.

Бұдан бөлек, Халық банк басшысы ҚР президентінің "7-20-25" бағдарламасына  қатысты да пікірін білдірді.

«Біз бұл бағдарламаны қолдаймыз. Халық үшін, Қазақстан үшін қалыпты және позитивті бағдарлама деп есептеймін. 7 пайызбен 25 жылға ипотекамен өте арзан үй алу мүмкіндік бар. Бұл халықты үздіксіз қолдау. Алайда біз қазіргі кезде бұл бағдарламаның нақтылығын, қалай, қандай механизмдер арқылы орындалатынын, білмейміз. Әзірге тек екінші деңгейлі банктер арқылы берілген кредиттерді сатып алу бойынша Ұлттық банк тарапынан ешілес компания құрылатыны жарияланды. Бірақ менің ойымша, бұл өте күрделі жүйе. Оны бақылау өте қиын болады. Біз негізінен әлдеқайда қарапайым нұсқаны ұсынған болатынбыз. Ол қаражатты екінші деңгейлі банктер арқылы 3 пайыз мөлшерлемемен орналастыру, банк маржасы 4 пайыз, қарыз алушы үшін соңғы мөлшерлеме 7 пайызды құрайды. Аталған бағдарлама осы нұсқа арқылы қаражатты жылдам игеруге, тікелей  ипотекалық несие беру кезінде қаражаттың жалпы қолданылуын бақылауға мүмкіндік берер еді. Егер естеріңізде болса, 2009 жылы осындай бағдарлама болған, дағдарыстан кейін мемлекеттік қолдау арқылы екі айдың ішінде өте көлемді қаражатты игерген болатынбыз. Енді бұл менің ойым. Ал оның қалай болатынын, қалай жүзеге асатынын біз білмейміз. Алайда мен мұны өте позитивті бағдарлама деп есептеймін», - деді Шаяхметова.

“The Qazaq Times”