Марк Цукерберг бір күнде 6 миллиард долларынан айырылды – деп хабарлайды Неміс толқыны ақпарат агенттігі.

Агенттік мәліметінше, наурыз айының 19-ы күні Цукербергке тиесілі «Facebook» компаниясының құнды қағаздары бір күннің ішінде 8 пайызға құнсызданған. Компания акцияларының құнсыздануына ұлыбританиялық «Cambridge Analytica» компаниясының «Facebook» әлеуметтік желісінің 50 миллионға жуық қолданушыларының жеке ақпараттарын пайдалануы себеп болған.

Бұған дейін «Facebook» деректерді сараптаумен айналысатын «Cambridge Analytica» компаниясын 50 миллион қолданушының жеке ақпараттарын ұрлады деп айыптаған. Бірақ бұл «Facebook» тарихындағы ең шулы даулардың бірі ғана. 2016 жылы Facebook АҚШ президент сайлауы кезінде қазіргі мемлекет басшысы Дональд Трамптың штабымен бірге жұмыс істеген. Кейіннен БАҚ беттерінде «Трамп штабы сайлау кезінде Facebook компаниясынан алған ақпараттарды пайдалану арқылы өзінің сайлау алды бағдарламасын жасаған», - деген ақпарат тараған.

“The Qazaq Times”