Оңтүстік Корея прокуратурасы тағы бір бұрынғы президентке қылмыстық айып тақты. Өткен аптаның соңында Оңтүстік Корея прокуратурасы  Ли Мюң Бакты (Lee Myung-bak) 21 сағаттық тергеуден кейін тұтқынға алуға бұйрық берді. Ли Мюң Бак 2008-2013 жылдар аралығында Оңтүстік Корея президенті болып қызмет атқарған. Бұл туралы Yonhap агенттігіне сілтеме жасай отырып «Шинлаң» ақпараттық сайты хабарлады.

Аталған елдің прокуратурасы бұрынғы президент Мюң Бакты кәсіпкерлер мен лауазымдылардан 10,3 млн АҚШ доллары көлемінде пара алған деген айыппен тұтқындауға бұйрық берді. Сондай-ақ, туған ағасы Ли Сан Уктың атына тіркелген «DAS» компаниясының табысы үшін билігін асыра пайдаланған деген айып та қосылған.

Ли Мюң Бак аталған айыптауларды теріске шығарды. Алайда, ел прокуратурасы сотта екі бірдей айыпты арқалаған бұрынғы ел президентіне 30 жылдық қамау жазасын сұрайтынын білдірді.

Ли Мюң Бактан кейін президенттік таққа шыққан Пак Кын Хе де сыбайлас жемқорлық, билігін асыра сілтеу деген айыптармен қызметінен алынып, қамау жазасына үкім етілген болатын.

Егер Мюң Бактың қылмысы анықталып, сот прокуратураның дегеніне шешсе, ол аталған елде айыпқа тартылып, жазаланған төртінші басшы болмақ.

“The Qazaq Times”