Германия канцлері Ангела Меркель өз елінің ғана емес, Еуропа елдерінің соңғы бірнеше он жылдан бергі тарихындағы елеулі әйел саясаткер болды. Ол прагматикалық және парасатты көшбасшы ретінде бағаланып келеді. Ол билік құрған жылдарда бірнеше рет әлемдік жыл адамы аталған болатын. Тіпті оны «Германияның ханшайымы» немесе «Еуропа ханшайымы» деп те атасты.

Дегенмен, соңғы сайлауда оның осы атақ-абройына дақ түскендей болды. Меркельдің миграциялық саясаты елдегі оңшыл саяси күштердің шамына тигені анық. Сайлауда оның партиясы тарихтағы ең қиын күнге тап болды. Жаңа коалиция құру туралы келіссөздердің тартысқа толы болуы Меркель саясатын ыдыратып жібере жаздады. Ол сонда да үкіметті жасақтап, төртінші рет канцлерлік таққа шықты.

Кей сарапшылар консервативті көзқарасты ұстанған Ангела Меркельдің саяси тұғырына сызат түсті деп те бағалап жатыр. Бірақ Меркельдің танымалдығы әлі де бұрынғы деңгейінде қала берді. Себебі, арнадан арнаға ауысып, құбылып жатқан геосаяси жағдайда Ангела Меркель әлі де болса Еуропаның ең басты құндылықтары үшін күрескер тұлға ретінде саналып отыр.

Физика докторынан Германия канцлеріне дейін

Ангела Меркель (бұрынғы фамилиясы Каснер болған) Гамбург қаласында 1954 жылы 17 маусым күні туған. Мәліметтерге қарағанда оның әкесі шіркеу қызметкері болыпты. Ангеланың балалық шағы социалистік режимнің басқаруындағы Шығыс Берлинде, шеткі бір аудандарында өткен. Кейін ол Лейпциг университетінде физика мамандығы бойынша докторлық қорғаған. Германия Демократиялық Республикасының Ғылым Академиясында істеген.

Ол өзінің курстасы Ульрих Меркельмен тұрмыс құраған, бірақ төрт жыл ғана бірге тұрған екен. 1980 жылдардың соңында ол өзінің саясаттағы белсенділігін көрсете бастайды. Айталық, 1989 жылы Шығыс Берлинде басталған демократиялық қозғалыстарда белсенділік танытқан. Берлин қорғаны құлағаннан кейін алғашқы демократиялық сайлаумен Шығыс Германияның үкіметі құрылды. Осы тұста Ангела Меркель үкіметің баспасөз хатшысы болып саясаттағы сапарын бастайды.

1990 жылы екі Германияның бірігуінен кейін Христиан Демократиялық кеңесі партиясының мүшесі болып, бір жылдан кейін Әйелдер мен жастар құқығы бойынша федералдық министр болып тағайындалған. Ол кезде Германияның канцлері Гельмут Коль болатын. 2000 жылға жеткенде Кольдің атына ХДП-ны заңсыз қаржыландырған деген айып тағылып, Меркель жағынан оның отставкаға кетуі талап етілген. Осыдан кейін көп өтпей Меркель партияның басшысы болды. Ал, 2005 жылға жеткенде Ангела Меркель Германия тарихындағы алғашқы әйел канцлер болып сайланды.

«Дағдарыста жол тапқан көшбасшы»

Меркельдің канцлер болып тағайындалуын көптеген саясаткерлер қабылдай алмаған. Тіпті, оның саясатын өзі секілді «талғамсыз киіну» деп сынға алған. Алайда Меркель дағдарыс жылдарында бюджеттік шығындарды ұқыптылықпен басқарумен, артық шығынды қатаң тежеумен әйгілі бола бастады. Тіпті, осы тұстарда Германия ЕО-ның дағдарыстан есеңгіреген елдеріне құтқарушы болып көрінді. Еуропа одағындағы ортақ валютаның жалпылама болуына да Меркельдің үлкен ықпалы болды.

Германияның соңғы жылдардағы экономикалық дамуы мен қоғамдық көрсеткіштеріне қарай отырып, Ангела Меркельдің де аброй-атағы аспандай түсті. Тіпті, неміс елі оған қиын-қыстау кезеңде жол тауып, елді алып шыққан парасатты көсем ретінде қарайды. Дегенмен, 2013 жылға жеткенде Германия еркін демократиялық партиясынан ұтылып қалып, ендігі жерде Меркель социал-демократтармен бірлесуге мәжбүр болды. Соның нәтижесінде оның саясаты қатал экономикалық саясат ретінде көріне бастады.

«Егер маған мұрсат бергенде ...»

Ангела Меркель канцлер болып тұрған жылдарда оның ең көп бас қатырған ісі – мигранттар мәселесі болды. 2015 жылы ол мигранттарға қарата «Елдегі кейбір адамдар үйіне қайтуына тура келеді» дегенде, көпшілік жұрт оны «мейірімсіз, тасбауыр» деп атасты. Алайда, мигранттардың ағымы күшейгенде ол ЕО ережелерін уақытша тоқтата тұрып, шекараларды ашу керек деген ұстаныммен ортаға шықты. Меркельдің бұл саясаты БҰҰ жағынан да жоғары бағаланды және «Time» басылымы оны сол жылдың «Жыл адамы» атағына лайық деп тапты.

Ең бір айтуға тұрарлығы – Меркель партиясының «Біздің құшағымыз ашық» деген ұраны немістердің күнделікті тұрмысында қолданатын сөзіне айналды. Алайда, оның мигранттарға ашық саясаты оңшыл «Германия үшін альтерантива» партиясымен қайшылыққа ұласты. Бұл партияның ықпалында анти-исламдық қадамдар елдің шығысынан басталып, тұтас Германияға жайылып кетті. Бұған террорлық шабуылдар қосылып, Меркельдің саяси беделіне кері әсер етті және оның ортақ коалиция құру ісіне де үлкен кедергі келтірді. Бұл туралы Меркель бір сөзінде: «Егер уақытша артқа қайта тұруға мұрсат бергенде, онда Германияны миграция ағымына төтеп бере алатын күйге келтіретін едім», – деген.

Міне, бұл төртінші рет Германия канцлері болған Ангела Меркель ханымның саяси карьерасының лездік картинасы. Қалай десе де, ол Еуропа құндылығы үшін күрескен саяси қайраткер ретінде ЕО-ның және әлем елдерінің құрметінде ие болып қалды.

“The Qazaq Times”