Өзбекстан мен Ресей арасындағы әуе байланысы дауы күн өткен сайын ушығуда.

Ресми Ташкент Мәскеуге Өзбекстанға ұшатын ресейлік компаниялардың санын көбейтуге рұқсат бермей қойды. Ресми Ташкенттің бұндай қадамдарға баруына Ресей тарапының Өзбекстан әуе компанияларына Сочи мен Владивостокқа ұшуға тыйым салуы себеп болған. Оның үстіне осы уақытқа дейін Ресейге тек бір ғана Өзбекстан компаниясы жолаушылар тасымалдап келген.

Ресей әуе жолдарының хабарлауынша, Ресей Өзбекстан әуе компанияларына қай бағытта ұшса да ешқандай тосқауыл қоймаған. Керсінше, бағыт таңауды өз еріктеріне берген. Бірақ Өзбекстан тарапы алдымен ұшу рейстерінің санын анықтап алуды ұсынған.

Өзбекстан туризмді дамыту комитеті баспасөз қызметінің мәліметінше, Ресей тарапы Өзбекстан Мәскеу түбіндегі Жуковский әуежайынан ұшатын әуе рейстерін қабылдаудан бас тартқаннан кейін өзбек компанияларына ультиматум қойған. Ресей әуе жолдары Өзбекстан компанияларына Сочи мен Владивостокқа ұшуға тыйым салған.

Айта кететін бір жайт, Жуковский әуежайынан ұшатын әуе рейстерінен Өзбекстаннан бөлек Қазақстан мен Тәжікстан да бас тартқан. Сарапшылар пікірінше, қазіргі таңда Өзбекстандағы туризм саласының дамуына байланысты 2017 жылы жолаушылар тасымалы 30 пайызға өсіп, 3 миллион адамды құраған. Ағымдағы жылдың қаңтар-ақпан аларында бұл көрсеткіш 65 пайызға өсіп, 2018 жылы жолаушылар тасымалы 4 миллион адамға жетеді деп күтілуде. Осыған байланысты соңғы уақыттары ресейлік компаниялар Өзбекстан нарығына қызығушылық таныта бастаған.

“The Qazaq Times”