Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасының төрағасы қызметіне қайта тағайындалған Ши Жинпиңге құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты. 

"Қытай Сіздің басшылығыңызбен орташа ауқатты қоғам құру жолында бұдан да биік шыңдарды бағындыратынына сенімдімін. Келешекте Қазақстан мен Қытайдың түрлі салалардағы стратегиялық әріптестігі қарқынды дами беретініне және халықтарымыздың достығы одан әрі нығая түсетініне еш күмәнім жоқ. Осыған орай өзара сенім мен түсіністікке негізделген біздің жеке достығымыздың маңызы ерекше. Арамыздағы қарым-қатынастарымыз бен бірлескен жұмысымыз келешекте Астана мен Бейжіңнің жемісті ынтымақтастығының берік тірегі болатынына кәміл сенемін", – Ақорда сайтында жарияланған жеделхат мәтінінде.

Нұрсұлтан Назарбаев Ши Жинпиңге зор денсаулық, бақ-береке тілеп, достас Қытай халқының өркендеуі мен дамуына ниеттестік білдірді.

Айта кетейік, Ши билікке келгеннен кейін Қытайда экономикалық реформа және жемқорлыққа қарсы қатаң соққы беру қолға алынды. Дегенмен, реформалар мен күрестер барысында ұлтшылдық өсіп, жекелеген азаматтардың құқықтарының бұзылуы көптеп туды. Бұлардың арасында қытай қазақтары да бар. Ал Қазақстан президенті болса, осындай құттықтаудан кейін қысым көрген қазақтардың мәселесін шешуге тырысуы да мүмкін.

“The Qazaq Times”