АҚШ-тың Теңіз әскери күштеріне тиесілі F/A-18F Super Hornet атты соғыс ұшағы апатқа ұшырап, 2 ұшқыш қаза тапты. Бұл туралы «Шинлаң» ақпараттық сайты хабарлады.

АҚШ-тың Атлант мұхитындағы Бас штабы жасаған мәлімдемеде, әскери теңіз күштеріне тиесілі соғыс ұшағы Флоридадағы Boca Chica әскери базасындағы бір реткі оқу-жаттығу кезінде құлаған.  

Мәліметке қарағанда, апатты жағдай соғыс ұшағы қонуға дайындалған кезде болған. Ұшақтағы екі ұшқыш өздерін кеңістікке лақтырған. Алайда, ұшқыштардың мәйіті базаға 2 шақырым қашықтықтағы су айдынынан табылған.

Соңғы жылдары АҚШ-тың  F/A-18F түріндегі соғыс ұшақтары жиі апатқа ұшырауда. Мәліметтерге қарағанда, аталған соғыс ұшағындағы кейбір техникалық ақаулар ұшқыштарға көп кедергі келтіреді. Кейде кабина ішінде оттегі жетіспеу салдарынан ұшқыштардың тұншығатыны, оның соңы апатты жағдайға алып келетіні де айтылады.  

“The Qazaq Times”