Наурыз айының 18-і күні Ресейде президент сайлауы өтеді. Сайлауға түсіп жатқан үміткерлердің сиқына қарап бұл жолғы президент сайлауының да аса бір үлкен жаңалықтар алып келмейтінін сенімді түрде айтуға болады. Бірақ биылғы сайлауға кезекті рет қатысып жатқан Владимир Путиннің саяси жолы жөніндегі деректер қашан да қызықты әрі шытырман оқиғаға толы. Осыған байланысты бүгін біз «тақтан түспейтін» Путиннің президент болғанға дейінгі атқарған қызметтері мен жүріп өткен жолына қысқаша тоқталуды жөн көрдік.

Владимир Путин «билік дәмін татпай тұрып» 1975 жылы Ленинград Мемлекеттік Университетінің заң факультетін тәмәмдаған және өз карьерасын Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінен (КГБ) бастаған. Ол атағынан ат үркитін ұйымда екі жыл кіші офицер қызметін атқарып, 1977 жылы  КГБ-ның тергеу және барлауға қарсы бөліміне (контрразведка) ауысқан. Болашақ президент аталмыш бөлімде жүріп Мәскеу қаласындағы КГБ жоғары мектебінің үш айлық қайта даярлау курсын бітірген. Бірақ, арада сегіз жыл өткен соң ол қызмет бағытын өзгертіп, Ю.В. Андропов атындағы КГБ институтында білімін жетілдіріп, сыртқы барлау (внешняя разведка) мамандығын алған. Осыдан бастап оның қызмет мансабы өрге домалай бастаған. Путин 1985-1990 жылдар аралығында ГДР-да (Германия Демократиялық Республикасында) аймақтық барлау агенті, 1990 жылы Ленинград мемлекеттік университеті ректорының орынбасары қызметтерін атқарып, ақыр соңында Ленинград қалалық кеңесінің төрағасы Анатолий Собчактың орынбасары қызметінен бірақ шыққан.

Фото: kommersant.

Өз заманында Ресей саясат сахнасында салмақты тұлғалардың бірі болған Анатолий Собчактың қасына келгеннен кейін Владимир Путиннің ішкі саясаттағы рөлі одан сайын артты. 1991 жылы Собчак Санкт-Петербург қаласының мэры болып сайланған соң Путинды қалалық сыртқы байланыс комитетінің басшысы етіп тағайындады. Бірақ Путин бұл қызметте ұзақ болмады. 1996 жылы Анатолий Собчактың губернаторлық сайлаудағы жеңілісінен кейін «экс-агент» бірден Кремльге бағыт алды. 1996 жылдың тамыз айында ол президент істері басқармасының басшысы Павел Бородинның орынбасары болып тағайындалды. Бірақ бұл жерде де ол ұзақ аялдамады. Оның Кремльге келгеннен кейін саяси мансабы көз ілеспейтін жылдамдықпен өрледі. 1997 жылы ол президент әкімшілігі төрағасының орынбасары, 1998 жылы президент әкімшілігінің басшысы,1998 жылы Федералды қауіпсіздік қызметінің директоры қызметтерін атқарды. 1999 жылдың мамыр айында сол кездегі Ресей президенті Борис Ельцин оны «мұрагерім» - деп атап, премьер-министр етіп тағайындады. Ал 1999 жылы 31 желтоқсан күні Ельцинның мерзімінен бұрын отставкаға кетуіне байланысты Путин президент қызметін өз қолына алып, 2000 жылдың 26 наурызында Ресей Федерациясының президенті болып сайланды. Тек 2008 жылы президент креслосын саяси үзеңгілесі Дмитрий Медведевке уақытша босатқан Владимир Путин Ресейді бас-аяғы 18 жыл басқарды. Алда келе жатқан президент сайлауында оның сөзсіз жеңіске жететінін ескерсек, «экс-агенттің» саяси мансабы жақын он жылдықта аяқталмайтыны анық.

“The Qazaq Times”