2017 жылы таратылған «Соғыс бөрісі 2» (War Wolf /zhanlang) атты қытай фильмі елдегі кинотеатрларда кең көп қойылған фильмдердің бірі болды. Фильмдегі герой – қытайлық жауынгер Африкадағы бүлікшілерге кездесіп ұрыс салады. Бұл қытай киносының алғаш рет шет жерде «әділет үшін күрескен қаһарманның» образын сомдап шығуы болды. Әрі, Қытайды әлемдегі әділеттілік пен бейбітшілік үшін күресуші ретінде суреттеді.

Аталған фильм туралы Африкадағы Қауіпсіздікті зерттеу институтының кеңесшісі Петр Фабритус VOA ақпараттық сайтына берген сұхбатында: «Бұл фильм шынында Қытай үкіметінің ұстанымын көрсетіп тұр. Қытай басшысы Ши Жинпиң Қытайдың әлемдік аренадағы белсенді имиджін қалыптастыруға күш салуда», – деген пікірін айтады. Ол бұдан тыс Қытайдың Африкадағы экономикалық кеңеюімен бірге әскери кеңеюі де жалғасып жатқанын назар аудару керек екенін алға тартады.

Қытайдың болашақта өз мүддесін қорғау мақсатында күш қолдану мүмкіндігі туралы сарапшылар әртүрлі пікірде. Дегенмен, сарапшылардың бәрі де «Қытайдың Африкадағы қадамдары – жаңа көпжақты байланыс стратегиясының сынағы» деген пікірге келіседі. Фабритус сөзінде: «Африкаға қадам басуының тарихына қарайтын болсақ, Қытай БҰҰ-дағы бітімгершілік миссиясынан пайдаланып Африкада әскери араласуын нығайта түсті. Қытай қашанда БҰҰ қарарына өзінің мүддесін жасырып келеді», – деген.

Бұған мысал ретінде Оңтүстік Суданның мұнай саласында Қытайдың үлкен мүддесінің жатқанын айтуға болады. Қытай бұл елдегі БҰҰ-ның Бейбітшілікті қорғау қарулы қосынына өзінің 700 адамнан тұратын жаяу әскерлер батальеонын қатыстырған. Конго Демократиялық Республикасындағы БҰҰ күштерінде 220 қытайлық жауынгер бар. Ал, бұл елден Қытайға көп мөлшерде мыс пен кобальт  экспорт етіледі.

Соңғы кездері Қытай Африкада тікелей әскери операцияларды жүргізуге дайын екенін де көрсете бастады – Қытай флоты Үнді мұхитында Сомалидың теңіз қарақшыларын құрықтады; Былтыр Джибутиде алғаш рет шетелдегі әскери базасын құрды. Бұл Қытайдың сол аймақтағы әскери теңіз күштерін жабдықтауға және әскери техникаларды жеткізуге арналған.

Эксперттер Қытайдың әскери теңіз күштері әлемнің алдынғы қатарында екенін айтады. Джон Хопкинс университетіндегі Халықаралық зерттеу орталығы Қытайтану бөлімінің директоры Дэвид Лэмптон Қытайдың әлемге деген қызығушылығы барған сайын кеңейіп келе жатқанын, Қытай өзін әлемнің қорғаушысы ретінде қарай бастағанын айтады. Бұл Қытайдың басқа елдердің ісіне араласуына әкеліп соғады.

Қытайдың дамуды қолдау желеуімен Африкадағы адам құқықтары нашар қорғалатын елдерге көмек көрсетіп отырғаны Батыс елдерінің де  алаңдаушылығын туғызды. Бұл үшін Қытай қосымша шарттарды да түзбеген. Сарапшылар Қытайдың бұл әрекеті Батыс елдерінің күш-жігерін әлсіретуге жасалған шабуылмен тең деп қарайды. Себебі, Батыс елдері Африкада демократияны дамыту, адам құқықтарын қорғау істеріне көмек көрсетіп келеді.

Фабритус бұл туралы: «Қытайдың көрсеткен көмегі шартты түрде болады. Мысалы, сіз Қытайдың көмегін қабылдағаннан кейін міндетті түрде қытай ұстанымын қабылдауыңызға тура келеді», – деді. Ол сөзін толықтыра отырып: «Қытайдың көмегін қабылдаған елдер міндетті түрде Далай Ламаның сол елге сапарлауына тыйым салуы керек. Себебі, Бейжің билігі оны Тибет автономиясының тәуелсіздігі үшін күресуші сепаратист саяси тұлға деп қарайды», – деді.

Бұдан тыс Африка елдеріне көмек көрсетуде Қытай толып жатқан мүдделік айырбастарды жасады. Анголада дамуға жасаған көмегімен болашақта елдегі мұнайды пайдалану құқығын айырбастауды ұсынды. Ал, Джибути, Кения және басқа да Шығыс Африка елдеріне Қытай үкіметі инфрақұрылымдық жобаларды дамыту үшін зор мөлшердегі несие берді. Егер бұл елдер қарыздарды өтей алмаған жағдайда, Қытайдың инфрақұрылымдық жобаларды пайдалануға айрықша құқығы болатын болды. Қытайдың Джибутидегі материалдық-техникалық жабдықтау орталықтары үшін әскери базасы құрылды. Оған қоса, Джибути мен Эфиопияны байланыстыратын электрлендірілген темір жол желісін салған.

Дегенмен, сарапшылар Қытайдың өз мүддесін қорғау мақсатында күш қолдану-қолданбауы туралы ұқсамаған пікірде. Кей сарапшылар, Қытай миллиардтаған АҚШ доллары құнына ие «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасын жүзеге асыруды және оны Африкамен тұтастыруды көздейді. Сондықтан, бұл елдердегі мүдделерін қорғау мақсатында күш қолдануына ерте деп қарайды. Алайда, Қытайдың Африкадағы әскери кеңеюінің барған сайын арта түскенін алға тартатын сарапшылар, Қытайдың экономикалық және әскери кеңеюі Африка елдерінің бұлашағы мен қазіргі қауіпсіздігі үшін үлкен қатер деп бағалайды.

Мейлі қалай болсада, «Соғыс бөрісі 2» фильмі Қытай ішінде көрілім саны жағынан голливудтық фильмдердің алдын орап кетті. Кассалық сатылымда да алға шықты. Бұл Қытай жұртшылығына әскери кеңею идеясын сіңіргені анық.

“The Qazaq Times”