Наурыздың бас шенінде Ресейдің бұрынғы барлау қызметкері Сергей Скрипаль мен оның 33 жастағы қызы белгісіз біреулер жағынан қастандыққа ұшыраған еді. Бұл туралы хабарларда қаскөйлер Скрипаль мен оның қызына жүйке жүйесін ауыр зақымдайтын улы дәріні дарытқаны айтылады. Кеше Ұлыбританияның премьер-министрі Тереза Мэй мәлімдемесінде бұл қастандық ісін Мәскеудің ұйымдастыруы мүмкін екен айтты. Осы істі BBC зерттеп көрді.

Тереза Мэй сөзінде, қастандыққа ұшыраушылар Ресейдің әскери зертханасында жасалған затпен уланғанын алға тарта келіп: «Мәскеу сейсенбіге дейін иландырарлық жауап қайтармаса, Британия тарабы бұл іске «Ресейдің заңсыз күш қолдануы» деген қорытынды шығарады», – деді. Ол және: «Бұл іс толықтай Ресей тарабының елімізге қол салу ісі. Оған қоса, Ресей үкіметі ең қауіпті деген улы затқа бақылауын жоғалтып, ол өзгелердің де қолына түскен», – деп айыптады. Ел премьерімен бірге Ұлыбританияның СІМ-і де Ресейдің сол елдегі елшісін шақырып, түсініктеме беруді талап еткен.

Қастандық ісінде «новичок» деп аталатын аса улы зат қолданған. Бұл зат адамның жүйке жүйесін өте тез әрі ауыр дәрежеде зақымдайды. Кеңес одағы 1970-80 жылдарда зерттеп жасаған. Ол осыған дейін бұл текті қастандық істерінде белгілі болған XV затынан 8 есеге улы.

Британия премьері елді байыпты шара көруге дайын болуға шақырды. Оның айтуынша, Ресей бүгінге дейін лайықты жауап бермесе, Ұлыбритания парламенті сәрсенбі күннен бастап Ресейге пәрменді жауап беруді талқыламақ. Мэй сөзінде «новинчоктың» қолданылуы бір Скрипальға қаратылған шабуыл емес, бұл барлық ұлыбританиялықтарға қарата жасалған қастандық деп бағалады. «Себебі, бұл еліміздегі азаматтардың тыныш өміріне үрей туғызды», – деді.

Сергей Скрипаль деген кім?

Сергей Скрипаль 1951 жылы Ресей жерінде туған. Ресейдің барлау агенттігінде ұзақ жыл қызмет істеген және осы салада полковник шеніне жеткен. Кеңес одағының соңғы жылдары және РФ-ның алғашқы жылдарында ол барлау істерінде үлкен қызметтер атқарған. Мәліметтерге қарағанда ол Британияға 1995 жылдар шамасында қоныс аударған. 2006 жылы мемлекетке опасыздық жасады деген айыппен сотталған және 2012 жылы тағы екі ресейлік азаматпен бірге кеңшілік алған. Кейін Ресей бұл барлау агенттерін АҚШ-та қолға түскен ресейлік агенттерімен алмасқан екен.

Сергей Скрипаль 2006 жылы 13 жылдық қамау жазасына кесілген. Фото: BBC.

Британия ғана емес, АҚШ-ты қамтыған көптеген Батыс елдері аталған қастандық жасау ісіне Ресейді айыпты деген пікірде. Осы іс туралы сөзінде АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон: «Біз қылмысты әрекетке бұйрық бергендер және оны атқарғандар жазаға тартылуы керек деген сөзге қосыламыз. Біз бұл істе Ұлыбританияны қолдаймыз және одақтас ретінде ынтымақтастықты жалғастыра береміз», – деді.

Франция президенті Эммануэль Макрон да Тереза Мэймен телефон арқылы сөйлесіп, Лондонның позициясын жақтайтынын айтады.

НАТО бас хатшысы да бұл істі Британиямен ортақ мәміледе шешім жасайтынын мәлімдеді.

Британияның Қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Лорд Риккетс бұл мәселеде НАТО және ЕО-мен бірлесе отырып қарсы шара қолдану көбірек ықпалды болатынын айтты.

Мәскеу тарабы бұл істі Ресей мен Британия арасына іріткі салу үшін жасалған іс деп мәлімдеді және Ресейге жабылған жала деп бағалады. Ресей СІМ басшысы Сергей Лавров Ресейге қаратылған айыптауларды қисынсыз деген пікірін білдірген.

“The Qazaq Times”