Сүрия мен Ирак аумағында лаң салған «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымы қару-жарақты қайдан алған?

Әлем бойынша заңсыз қару-жарақ айналымын зерттейтін ұлыбританиялық «Conflict Armament Research» ұйымының мәліметінше, «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымына қару-жарақтың басым көпшілігі АҚШ және Сауд Арабиясынан келген. Аталмыш екі ел Шығыс Еуропа қару-жарақ өндірушілерінен қаруды сатып алып, оны Сүрия мен Ирак аумағындағы террорлық ұйымдарға жеткізген.

Сүрия мен Ирак аумағында үш жыл зерттеу жұмыстарын жүргізген Дэмьен Сплитердің сөзінше, Шығыс Еуропада жасалған қару-жарақ АҚШ арқылы «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымының арсеналына өте қысқа уақыт аралығында  жеткізілген. Ол өзінің бұл сөзіне дәлел ретінде 2015 жылдың желтоқсан айында АҚШ-тың Болгариядан сатып алған танкіге қарсы зымыранын мысалға келтіреді. Оның айтуынша,  АҚШ аталмыш зымыранды сатып алғаннан кейін екі айдан соң ол «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымының қоймасынан табылған.

«Conflict Armament Research» ұйымының зерттеуі бойынша, АҚШ-пен қатар Сүрия мен Ирак аумағына Сауд Арабиясыда аса ірі көлемде қару-жарақ тасымалдаған. Сүрия аумағында соғыс басталғанға дейін Шығыс Еуропа елдерінің қару-жарақтарына пысқырыпта қарамайтын ресми Эр-Рияд соңғы жылдары Болгария қару-жарақтарын жиі сатып алатын болған және «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымының арсеналындағы болгариялық қарудың басым көпшілігі дәл осы Сауд Арабиясы арқылы жеткізілген.

Ұлыбританиялық ұйымның зерттеулерін Болгария қару-жарақ өндірушілері де растаған. Олар өз өнімдерін АҚШ-тың «Kiesler Police Supply» компаниясы мен Сауд Арабиясына сатқандығын жоққа шығармаған. Болгария өндірушілерінің сөзінше, «Kiesler Police Supply» компаниясы болгариялық қару-жарақты АҚШ қарулы күштерінің деклорациясы арқылы алған және үшінші бір елдерге сатпауға байланысты келісімге қол қойған.

“The Qazaq Times”