Бүгін үкімет жиынында Ұлттық банк төрағасы ҚР президентінің 5 әлеуметтік бастамасында айтылған "7-20-25" бағдарламасының талаптары туралы айтты. Ұлттық банк бағдарламаны іске асырудың бірнеше кезеңін айқындаған.

Ақышевтың сөзінше, бағдарлама бойынша біріншіден банктер мен қор нарығының мүмкіндіктері барынша іске қосылады.

"Ол үшін ипотекалық кредиттерді секьюритизациялау тетігін қалпына келтіру қажет. Жақында Ұлттық банк басқармасы 100 пайыз арнайы еншілес компания құру мәселесін қарайды. Бұл бағдарламаның операторы болады. Жаңа компанияның капиталы Ұлттық банк қаражаты есебінен қалыптасады. Компанияға капитал қажет. Себебі "7-20-25" формуласы бойынша банктер берген жаңа ипотекалық кредиттерді сатып алады. Ол үшін компания нарықтық талаптар мен қаржы нарығынан қаражат тартады. Бұл секьюритизация тетігі болып табылады", - деді Ақышев үкімет отырысында.

Ұлттық банк басшысы атап өткендей, жоғарыда аталған бағдарлама қарыз алушының төлем қабілеті болуын талап етеді.

"Бағдарламаға ресми кірісі бар Қазақстан азаматы қатыса алады. Қазір банктермен шарттар пысықталуда. Мысалы тұрғын үйдің құны 7 млн теңге болса, ай сайынғы төлем 50 мың теңгеден аспайды. Бұл жалпы алғанда жұмыс істейтін Қазақстан азаматтарының көпшілігі үшін қолайлы. Тұрғын үй құны респулика бойынша әртүрлі. Сондықтан ірі қалалар мен аймақтар бойынша дифференциация жүргізілуі мүмкін", - деді ол.

Сондай-ақ, Ақышевтың сөзінше, жеңілдікпен берілген ипотекалық кредиттер толығымен қамтамасыз етіліп, толық қайтарымды болуы керек.

"Соңғы жылдары ипотекалық кердит алған азаматтардың құқықтарын қорғау бойынша нормалар енгізілген. Бұл ипотекалық кредит беруді тартымды етеді. Сондықтан оларды қайта қарау қажет. Ұлттық банк қажетті заңдық түзетулерді наурызда үкімет қарауына жібереді(...).Осы заңнамалық түзетулерді уақытылы іске асыру керек", - деді бас банкир.

Айта кетейік,   ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша  "7-20-25" бағдарламасы іске қосылатынын айтқан еді. Осы бойынша үкімет пен Ұлттық  банкке барлық алғышарттарын қарастыруды тапсырған.

“The Qazaq Times”