АҚШ-тың Орталық барлау басқармасы (Орталық барлау агенттігі/CIA) жасаған құпия мәліметте, Қытайдың АҚШ-қа бағыттаған астыртын әрекеттері туралы егжей-тегжейлі баяндалған. Мәліметке қарағанда Қытай АҚШ-тың барлау агенттерін сатып алуға тырысып жатқаны айтылған. Бұл туралы BBC-дің онлайн қызметі хабарлады.

Аталған CIA баяндамасының құпия емес мазмұндарын сол елдегі консервативті саяси жаңалықтар сайты «Washington Freedom Lighthouse» таратқан.  CIA аталған баяндамада, АҚШ-тағы  Қытай билігі қаржыландырған институттарға академиялық зерттеулерді бақылауға тапсырма бергенін алға тартады.

Баяндамада: «Қытай осы стратегияны Қытайды қолдайтындарды марапаттау үшін пайдаланып, батыстық академиялық басылымдар мен академиялық конференцияларды өздігінен цензураға ұшыратуға әрекет еткен», – делінген. Сонымен бірге Қытай тарабы өзін сынға алған ғалымдар мен зерттеушілерге виза беруді қиындатып келеді. Себебі, бұл елге кіру олардың зерттеулері үшін аса маңызды. CIA бұның өзі де бір түрлі цензура жасаудың амалы деп бағалап отыр.

Орталық барлау агенттігі аталған мәліметті таратумен бірге, АҚШ конгрессмендері мен барлау қызметкерлерін елдегі ЖОО-дағы Қытайдың әрекеттерін жиі бақылауда ұстауды тапсырған. Дегенмен, CIA бұл нұсқауына түсініктеме беруден бас тартқан.

Кұң Зы (Конфуцзы / Kong Zi /孔子) институты және WeChat

Өткен айда АҚШ Федералдық барлау басқармасының (Федералдық барлау агенттігі/FBA) жетекшісі Кристофер Рэй, Сенаттың Интеграциялық комитетіне жасаған мәліметінде,  агенттіктің Құрама Штаттағы Конфуций Институттарын зерттеуді қолға алғанын айтқан еді. Мәліметке қарағанда,  АҚШ-тың 100 университеттерінде Конфуций Институты ашылған.

Ақпанда флоридалық сенатор, АҚШ Конгресінің төрағасы және Қытай ісі жөніндегі комитеттің атқарушы директоры Рубио, Флоридадағы 5 бірдей Кұңзы институтын келісімді тоқтатуға шақырған. Ол «Washington Freedom Lighthouse» басылымына берген сұхбатында: «Бейжің билігі америкалық академиялық еркіндікті болашақта Қытайды жақтаушы көзқарасты қалыптастыруға пайдаланып отыр», – деген пікірін білдірген.

«Washington Freedom Lighthouse» сайтының айтуынша, Қытайдың Білім министрлігінің жанындағы «Хан бан»  (Han ban/汉办) комитетінің басқаруындағы Коң Зы Институттары Бейжіңнің шетелдегі декларациясы болып саналады. Ал осы Коң Зы Институттары үшін жылына 100 млрд доллар қаржы бөледі. АҚШ Орталық барлау басқармасы Қытай Үгіт-насихат бөлімі жылына жүздеген миллиард доллар қарсы бөліп Халықаралық медиа агенттігін құруға, Қытайдың шетелдегі ықпалын арттыруға жұмсайтынын айтады. Айталық,  CIA мәліметіне қарағанда 2016 жылы бұл қаржының көлемі 6,8 млрд АҚШ долларын құраған. CIA тағы, Қытай билігі коммунистік үгіт-насихаттарды тарату үшін, АҚШ-тың Ұлттық медиа агенттіктерінің қызметкерлерін өзіне тартатынын айтады. Сонымен бірге бұлар ресми шетелдік агенттік ретінде тым сирек тіркелетінін, ал кейбіреуінің Бейжіңдегі барлау мекемелеріне қызмет ететінін алға тартады.

CIA баяндамасында Қытайдың «Вичат» (WeChat) әлеуметтік желісі Қытай барлау мекемелері үшін тыңшылық қызмет атқарады делінген. Қытайда 1 млрд адам Вичат платформасын қолданады. Оған қоса, Вичат АҚШ-тың капитал нарығына кірген. Ал Қытай тарабы шетелдік әлеуметтік медиа платформаларын өз нарығына кіруге шектеу қойған. Айталық, Facebook, VK, YouTube және Whatsapp әлеуметтік желілері Қытайда шектеуге ұшыраған.

АҚШ пен Қытай толықтай қарсыласуға өтті ме?

Қаңтардың соңында АҚШ CIA жетекшісімен BBC журналисіне берген сұхбатында: «Батыс елдері Ресейдің килігуінен сақтанғаны жөн, бірақ Қытайдан тіпті де сақтануына тура келеді», - деген болатын. CIA жетекшісі Помпео сөзінде Қытайдың Батыс елдеріне сұғанақтық жасаудағы күш қуаты Ресейден кем емес екенін атап айтқан. Сонымен бірге, бұл жағында Қытай Ресейге қарағанда көбірек мүмкіндіктерге ие екенін айта келіп: «Қытайдың бұл әрекеті бүкіл әлемге әсер етуден бұрын, Құрама Штат оған қарсы шаралар қолдануы керек», – деген.

АҚШ Қорғаныс министрлігі 19 қаңтарда жариялаған соңғы Ұлттық қорғаныс жөніндегі баяндамасында, Пентагон басшысы Жеймс Меттис Қытай мен Ресейдің Құрама Штаттарға төндіретін қаупі терроризмнен де асып түсетінін алға тартқан.

Бұл туралы қытайлық БАҚ-тың хабарларында, 2018 жылға дейін АҚШ-тың Қытайға қарсы арандату және қарсылық ақпараттарын таратып келгенін алға тартқан. Қытай мен АҚШ арасындағы қарсылықты болдырмау үшін, «шпиондық» әрекеттерге тосқауыл қою керектігін айтады.

Бұл туралы тәуелсіз сарапшылардың пікірінде, геосаясатта достық қарым-қатынас орнату практика жүзінде мүмкін емес. Сондықтан, бұл оқиғалар екі елдің толық қарсыласуға дайындалып жатқанын білдіреді деп санайды.

“The Qazaq Times”