Шетелдік ақпарат көздері Солтүстік Кореяның ең жоғары басшысы Ким Жоң Ун (Ким Чен Ын/Kim Jong Un) Құрама Штат президенті Трампқа хат жолдағанын хабарлаған еді. Хабарда хаттың Оңтүстік Кореяның Пиоңяңға (Pyongyang/Пхеньян) келген ресми өкіліне табысталғаны айтылған. Әлемнің ықпалды медиа өкілдері, Солтүстік Корея бұл хатта өзінің ядролық бағдарламасы туралы сөйлесулерге дайын екенін айтқан деген болжамдар жасайды.

Оңтүстік Кореяның БАҚ өкілдері, елдің бірнеше министрі  бейсенбі күні Уашингтонға (Вашингтон) сапарлай барғалы жатқанын хабарлауда. ҚХДР-ға ресми сапармен барған Оңтүстік Кореяның Ұлттық қауіпсіздік кеңесшісі Чон И Ен Ким Жоң Унның хатын АҚШ президенті Дональд Трампқа жеткізіп бермекші. Чон И Ен журналистерге жасаған мәлімдемесінде, Ким Жоң Унмен кездесуде сөз болған тақырыптың бәрін ашып бере алмайтынын білдірді. Дегенмен КХДР-ның көзқарастарын АҚШ-пен бөлісуге дайын екенін айтты.

Осыдан бұрын АҚШ Мемлекеттік департаменті "Солтүстік Кореяға тарихтағы ең қатал санкцияны жариялаймыз" деп мәлімдеген. Уашингтон тарабы бұл санкцияны Пиоңяң агенттерінің Малайзиядағы әуежайда Ким Жоң Намды улап өлтіргені үшін салғанын айтқан.

2003 жылы Солтүстік Корея ядролық бағдарламаны тоқтату келісімінен шығып кеткеннен кейін, бұл елмен өткізген бірнеше реткі келіссөз сәтсіз аяқталған. Осыдан кейін КХДР арт-артынан ядролық сынақтар мен баллистикалық зымыран сынақтарын өткізді. Эксперттердің мәлімдеуінше Солтүстік Кореяда 20 дана атом қаруы бар және қуатты сутегі бомбасын жасап шығаруға тырысып жатыр. Оған қоса өткен жылы Солтүстік Корея құрлық аралық баллистикалық зымыран сынақтарында жоғары нәтижеге қол жеткізді.

Жыл басында Ким Жоң Ун «ядролық сандықты үстелінің үстіне қойып қойғанын» айтқан. Осыдан кейін АҚШ барлау агенттері Ким Жоң Ун туралы жаңа мәліметтерді таратып, оның жұрт ойлағандай «есерсоқ» адам емес екенін, КХДР болашағын ядролық бағдарламамен тікелей байланыстырған күнде де сыртқы дүниемен келісімге келу ниетінің де бар екенін айтқан. Дегенмен, Ким Жоң Унның Трампқа жазған құпия хатында не айтылғаны қазірге дейін анық емес. Хат Трампқа жеткеннен кейін оны АҚШ президенті жұртқа ашып көрсете ме, жоқ, бұл да беймәлім. Қалайда, Солтүстік Корея өз болашағы үшін үлкен бір қадам жасап, ядролық қаруын бетке ұстаған дипломатиялық жолға түскенін көріп отырмыз.

“The Qazaq Times”