Түркіменстан президенті Құрбанғұлы Бердімұхамедов Астана қаласында өтетін Орталық Азия елдері басшыларының саммитіне қатысудан бас тартты.

Осыдан біраз уақыт бұрын БАҚ өкілдері 22 наурыз күні Астана қаласында Орталық Азия елдері басшыларының саммиті өтетіндігін жарыса жазған. Бірі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиеев Орталық Азияның басын біріктірмек десе, енді бірі Астана мен Ташкенттің бұл қадамынан түк шықпайды деген. Арада екі айға жетер-жетпес уақыт өткенде ресми Ашхабадтан «Құрбанғұлы Бердімұхамедов Астанаға бармайды, ол өзінің орнына парламент спикері Акджан Нұрбердыйевты жібереді» - деген хабар жетті. Оның не себепті бұндай шешім қабылдағаны әзірге белгісіз. Бірақ саясаттанушы Досым Сәтпаев бұл жайында былай дейді: «Бердімұхамедовтың саммитке қатыспауынан ешнәрсе өзгермейді. Тәжікстан аймақты жақындастыратын ойыншы емес. Ашхабадтан дәл осы жағдайда қандай да бір белсенділік немесе ұсыныс күтудің қажеті жоқ. Бұл жерде ұсынысты Қазақстан мен Өзбекстан жасайды. Еуроодақтақты мысалға алатын болсақ, ол жерде қозғаушы күш Франция мен Германия. Басқаларының белсенділігі төмен. Егер Астана мен Ташкент аймақтың қозғаушы күші бола аласа, онда өзге саяси ойыншылар өздігінен келеді».

Түркіменстан президентінің Астанаға келуден бас тартуы аса бір үлкен мәселе емес екендігі айтпаса да түсінікті. Оның үстіне саммит форматының өзі де тек "ақыл-кеңес" деңгейінде ғана болады деп күтілуде. Алдын ала келісім бойынша аймақ басшылары бұл жолғы кездесуде тек ой алмасу, пікір бөлісуден ары аспайды. Десе де бұл жолғы бас қосудың алар орны ерекше. Себебі Орталық Азия елдері басшылары араға 13 жыл салып бес жақтық кездесу өткізбек.

Жалпы, Құрбанғұлы Бердімұхамедовтың бұл шешімі Түркіменстанның қай бағытта кетіп бара жатқанын аңғартады. Ресми Ашхабад аймақтың бір бөлігі болса да, ол ҰҚШҰ, ЕАЭО, ШЫҰ сияқты экономикалық немесе интеграциялық жобалардың ешқайсысына мүше емес. Бір сөзбен айтқанда Бердімұхамедов Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Кәрімовтың жабық есік жағдайындағы саясатын ұстанып отыр.

“The Qazaq Times”