АҚШ-тың «Карл Винсон» атты авиаматкасы (авианосец/ұшақ тасымалдаушы кеме) Вьетнамдағы Да-Нангке келіп тоқтады. Мыңдаған АҚШ теңіз күштері Вьетнамда құрлыққа шыққанын ресмилер тарихи оқиға деп бағалады. АҚШ пен Вьетнам Қытайдың Оңтүстік Қытай теңізінде барған сайын артып келе жатқан ықпалына қарсы ынтымақтастықты нығайтуға тырысып отыр. Бұл туралы «WSJ» басылымы хабарлады.

Тарихтағы Вьетнам соғысының басталғанына 53 жыл толған уақытта АҚШ теңіз күштері алғаш рет Вьетнам жеріне аяқ басып отыр. «Карл Винсон» 1975 жылы Вьетнам соғысынан кейін осы территорияға әскери күштерді алып келген алғашқы әскери кеме болмақ. Бұл алып әскери кемеде соғыс ұшақтарының сыртында 6 мың жауынгер бар.

АҚШ-тың Вьетнамдағы бас елшісі Даниэль Критенбринк сол елдің лауазымдыларымен бірге өткізген баспасөз мәслихаты кезінде, «Карл Винсонның» кезекті сапары екі ел қарым-қатынасында соңғы жылдары жеткен көрнекті табысы деп бағалады. Ол сөзінде: «АҚШ пен Вьетнам бейбітшілік, даму, сауда ағыны және кеме қатынасындағы теңдікті сақтап қалды деп қараймын. Бұл Азия-Тынық мұхит өңірі мен АҚШ одақтастығының жемісі», – деді.

Айтса айтқандай, бұл оқиға екі елдің дипломатиялық қатынасының жоғары көрсеткіші. «Карл Винсон» сынды алып әскери техника АҚШ-тың тұтас Теңіз әскери күштеріне өкілдік етеді. Оның 1 млн 300 мың халқы Да-Нанг секілді қалаға жақын келіп тоқтауы шынында салмақты әрі тарихи оқиға. Егер АҚШ-тың бұл алып кемесі Ресей немесе Қытайдың кез-келген қаласына жақындап кетсе жағдай басқаша болатын еді.

Былтыр қараша айында АҚШ президенті Дональд Трамп пен Вьетнам төрағасы Чан Дайчуаң (Tran Dai Quang) кездескен кезде, екі ел үкіметі де Қытайдың Оңтүстік Қытай теңізіндегі ықпалының барған сайын артып келе жатқанына ортақ алаңдаушылық білдірген. Әрі осы ретте Қытайдың бұл қадамына қарсы пікір білігіне келіп, ортақ қарсы тұруға келіскен. АҚШ-Вьетнам арасында сауда және инвестиция алмасу ең басты қарым-қатынас әрекеті болғанымен, Қытайдың өңірдегі ықпалы мен әрекет көлемінің артуы Уашингтон мен Ханой арасын тіпті де жақындатып жіберді.

Былтыр Қытай тарабы Оңтүстік Қытай теңізінде жасанды аралдар салу ісін жыл бойы жалғастырып келді. Сонымен бір уақытта Оңтүстік Шығыс Азия елдерімен ырықты қатынасқа ұмтылды. Филиппинді қамтыған бұл елдер дәстүрлі АҚШ одақтастары болып табылады. АҚШ болса, ресми Бейжің билігінен Оңтүстік Қытай теңізін ашық халықаралық су алабы мәртебесінде қалдыруын үміт етіп, бұл аймақта әскери әрекетінің жиілеуіне наразылық білдірді.

Уашингтонда орналасқан Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының зерттеушісі Мюррей Хиберт сөзінде: «Оңтүстік Қытай теңізі көптеген елдерді тұтастырып тұр. Екі елдің де аталған теңізінде өз ықпалын арттыруға деген бәсекелестігі бар. Бірақ бұны Қытай да, АҚШ та мойындағысы келмейді», – деген пікірін айтты.

1979 жылы екі ел арасындағы сұрапыл қақтығыстан кейін, Вьетнам билігі  Қытаймен қарым-қатынаста салқынқанды позиция ұстанып, байланысты тым тереңдете дамытқан жоқ. Бірақ, екі елдің іргелес көрші екенін ескеріп, америкалық алып кемені қарсы алуға Ханойдың жоғары лауазымдылары барған жоқ. Тек Да-Нангтың үкімет лауазымдылары қарсы алды.

Қаңтар айында басталған «Карл Винсонның» сапарының Вьетнам тек бір ғана аялдамасы. Бұдан бұрын бұл ұшақ тасымалдаушы кеме Маниладағы портта аялдаған. Мұндай операциялардың көбеюі, АҚШ-тың жаңа ұлттық қауіпсіздік стратегиясын жүзеге асырып жатқандығын, әрі Қытайды АҚШ мүддесін бұзуға әрекет етеді деп қарайтынын түсіндіреді. Бұған қоса, Құрама Штаттың әскери теңіз күштері Азия-Тынық мұхит елдерімен жаңа қарым-қатынас орнатуда шешуші рөлге ие екенін білдіреді. 

“The Qazaq Times”