Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан бағытындағы тас жол осы айдың ішінде іске қосылады – деп хабарлайды ca-news ақпарат агенттігі.

Ақпан айының 23-і күні Қытай Сыртқы істер министрлігінің арнайы өкілі Гэн Шуан баспасөз мәслихатында Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан бағытындағы тас жол жөнінде мәлімдеме жасаған. Онда ол: «Біз 2017 жылдың қазан айының 30-ы мен қараша айының 1-і күндері аралығында Ташкент – Әндіжан – Ош – Иркештам – Қашқар бағытындағы тас жолды сынақтан өткіздік. Сынақ оң нәтиже көрсетуіне байланысты тас жолды осы айдың ішінде іске қосуды жоспарлап отырмыз» - деген.

Естеріңізге салайық, бұдан бөлек Қытай, Қырғызстан және Өзбекстан Ташкент – Әндіжан – Ош – Иркештам – Қашқар бағытында темір жол салуды жоспарлап отыр. Егер аталмыш темір жол іске қосылатын болса, онда ол Қазақстан арқылы өтетін Достық – Алатау (Алашанку) темір жол торабы мен Транссібір магистралына бәсекелес болады.

“The Qazaq Times”