Теледидар көруге көп уақыт жұмсау венозды тромбоз қаупін арттыра түседі. Мұндай қорытындыны АҚШ-тың Миннесота Университетінің ғалымдары жасаған.

Зерттеушілер 24 жыл бойы бақылаудан өткен 15 мың америкалыққа қатысты мәліметтерді талдаған. Бақылауға қатысқандардан жағдайы мен денсаулығы үнемі сұрастырылған. Солардың ішінде венозды тромбоз сырқаты 691 адамнан табылған.

Сондай-ақ, зерттеушілердің сөзінше, адамдардың физикалық жұмысы бірдей болғанмен, бос уақытын теледидар алдында өткізетіндерде венозды тромбоз 1,7 есеге жиі кездеседі екен. "Бұл нәтижеден байқағанымыздай, үнемі физикалық жаттығу жасап жүрген адамның өзі теледидар алдында ұзақ уақыт отыру зиянды  екенін естен шығармау керек", - дейді Ясухико Кубота.

Венозды тромбоз - тамырлар ішіндегі қанның ұйып, жиналып қалуы. Көбінесе бұл аяқтағы қан тамырларының жұмысын қиындатады. Ауру емделмеген жағдайда өкпе артериясы тарамдарының бітелуіне әкеп соғуы мүмкін.

“The Qazaq Times”