Исламабад ақпарат көздерінің хабарына қарағанда, Қытай Пәкістанның Белужистан провинциясындағы неше ондаған миллиард құнға ие инфрақұрылымдық жобаларды алу үшін аймақтағы сепаратистік күштермен байланыс орнатқан. Алайда бұл айтылғандарды  Қытайдың ресми өкілдері теріске шығарды. Бұл туралы VOA ақпараттық сайты жазды.

Financial Times басылымының осы аптадағы хабарына қарағанда, Бейжің тарабы сепаратистік күштермен тікелей байланыс орнатқан және екі тараптың қарым-қатынас жасап келе жатқанына 5 жылдан асқан. Дегенмен, басылымның тілшісіне жауап берген Қытайдың осы аймаққа жауапты ресми өкілі өз сөзінде: «Мұндай ақпаратты мүлде естіген емеспін», – деген. Алайда, басылым бұл ресми тұлғаның атын атап көрсетпеген.

Белужистанның ресми өкілдері де бұл сөздерді жоққа шығарды. Десе де, сепаратистердің өзге басшылары бұл туралы пікір білдіруден бас тартты.

Қытай-Пәкістан экономикалық дәлізі «Бір белдеу, бір жол» жобасының үлкен бір бөлігі. Бұл жобаның мақсаты Қытайдың батысындағы Шынжаң арқылы Пәкістанды тұтастырып, Үнді мұхитынан айналып өтетін халықаралық тасымал жолдарының шығыны мен уақытын азайту. Дәліз Шынжаңнан Пәкістанның Белужистан провинциясына кіріп, Араб теңізі жағалауындағы Гуадар портына дейін жалғасады.

Пәкістанның үкіметтік сайттарының бірінде: «Қытай-Пәкістан экономикалық дәлізі өңірлік байланыс желісінің жобасы ретінде де белгілі. Бұл Пәкістан ғана емес, Иран, Үндістан, Ауғанстан және Орталық Азия елдеріне де ықпал етеді» деп жазған.

Қытай Пәкістан Экономикалық дәлізі. Фото: Diplomacy Pakistan.

Дегенмен, сарапшылардың пікірінше, дәліз Пәкістанның солтүстік шығысынан кіріп, елдің батысындағы Араб теңізіне жеткенше  көптеген провинцияларды басып өтеді. Соның бірі көп жылдан бері автономия талап етіп келе жатқан сепаратистік күштердің бақылауындағы Белужистан провинциясы да бар. Бұл аймақтағы сепаратистер Пәкістан билігімен көп жылдардан бері ресурстарды бөлісіп келе жатқаны тағы бар. Олар Қытай-Пәкістан экономикалық дәлізіне күмәнмен қарайды. Әрі, бұл Пәкістан билігінің провинциядағы ресурстарды жеке иемдену үшін жасағаны деп қауіптенеді. Ал, Пәкістан билігі ҚПЭД-ның жергілікті бұқараларға да игілік алып келетінін айтады.

Енді АҚШ-тың Пәкістанға қаратқан көзқарасына келер болсақ, Уашингтонның Пәкістанға деген терроризмге қарсы күресі айтарлықтай деңгейде емес дейтін реніші бар. Тіпті, жеріндегі террорлық топтарды Ауғанстан мен Үндістанға қарсы қойып, арандату әрекетіне барады деп келген. Оған қоса Пәкістанға бөлінетін барлық көмекті тоқтатқан. Дегенмен, терроризмге қарсы күресіне демеу беру үшін, өткен айда ғана  2 млрд АҚШ доллары көлемінде көмегін беретінін білдірген.

“The Qazaq Times”