ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев президент Нұрсұлтан Назарбаевтың банк секторына қатысты айтқан сынына жауап берді. 

"Мемлекет басшысының үкімет жиынында айтқан сыны орынды. Ұлттық банк реттеуші ретінде екінші деңгейлі банктердің 2008-2009 жылдары жиналып қалған мәселелерін шешуде кешігіп қалды. Квазимемлекеттік сектор қаржысының сенімсіз банктерге қалай салынып кеткенін бөлек анықтау керек", - деді Ақышев.

Бас банкир онлайн конференция кезінде елдегі банктерді үш топқа бөлді:

  • Біріншісі - дағдарыстың аяқталғанына қарамастан кредит беру саясатын сақтықпен жүргізген және тәуекелдерді тиісті деңгейде бағалаған банктер.
  • Екіншісі- ережелерді сақтауға тырысқанмен, қаржы портфелдерінің нашар болуына байланысты капиталдандыру тапшылығына тап болған банктер. Мәселені банк акционерлері өздері шеше алмаған. Оның үстіне ол банктердің әлеуметтік маңызы болғандықтан, мемлекет оларға көмектесу туралы шешім қабылдады.
  • Үшіншісі - өз акционерлеріне кредит беріп, БТА банктікіне ұқсас саясат жүргізген банктер. Бұл топқа  Bank RBK жатады. Жасырын жатқан проблемалары сыртқа шыға бастады.

Енді Ұлттық банк бақылау саясатын қатаңдатып, ешқандай проблемаға әсер ете алмаған аудиторлардың жұмысын бағалауға кіріскен.

Айта кетейік, бұдан бұрын ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев үкіметтің кеңейтілген отырысында: " Әбілязовтың бастамасымен "БТА" банк барлығының көз алдында халық пен мемлекеттің ақшасын ұрлап отыр. Біз бүкіл әлемге мұның мемлекет қаржысы екенін дәлелдедік. Ал қазір не болды? Банк құрдық, оған адамдар, ұлттық компаниялар барып жатыр. Енді сол банк акционерлері ақшаны ол жерден шығарып жатыр,  ал Ұлттық банк отырып алып, оны бақылауда. Бұл қалай болғаны?", - деп Ұлттық банк төрағасын сынаған еді.

Осылайша президент Ұлттық банк жұмысын түзету бойынша заңға өзгеріс енгізуді жеделдету туралы тапсырма берген.

“The Qazaq Times”