Уашингтонда бір топ жасөспірім Ақ үйдің алдына жиналып, үкіметке қару сатуды шектеу талабын білдіріп шеру жасады. Олар өздерінің наразылығын әйгілеу үшін Ақ үй алдында бір сағатқа жуық сұлық жатты. Наразылық қимылын өткізгендердің көбі мектеп жасындағы жасөспірімдер. Олар өткен аптада Флорида штатында болған оқ жаудыру оқиғасынан кейін осындай қадамға барған. Флоридадағы мектепке жасалған шабуылдан 17 адам қаза болған еді. Бұл оқиға 2012 жылдан бері АҚШ-тағы ең бір қанды оқиға болып қалды. Бұл туралы CNN арнасы және WSJ басылымы хабарлады.

CNN берген мәліметке қарағанда, жерде сұлық жату арқылы наразылықтарын жеткізу Элеанор Нехтерлайн және Уитни Боуэнге есімді мектеп оқушыларының идеясы екен. Олар «қару сату жөніндегі заңды қатаңдату» талаптарын білдіру үшін 17 адамды ұйымдастырып, Ақ үй алдында 3 минут сұлық жатып, наразылық шарасын өткізбек болған. Себебі, Флоридадағы мектепте оқ ату оқиғасында Николас Круз бар жоғы 3 минут ішінде 17 адамды атып өлтірген. Акцияға туыстары мен таныстарын қатысуға шақырады. Ал шара туралы  әлеуметтік желілерде хабарлар тарағаннан кейін жүзден аса жасөспірім қатысқан.

Дүйсенбі күні президент Трамп қару сатып алушыларды қатаң тексеру туралы заңды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін жоба бекітті. Ол сенатор Жон Корнинмен ақылдасып, аталған мәселеге қатысты жаңа жобаны дайындауды тапсырған. Жаңа жоба бойынша қару сатып алу ісіне байланысты жаңа қатаң ережелер жоқ, тек сатып алушыларды қатаң тексеру жағы көбірек қарастырылған.

Бұл мәселені шешу турасында америкалықтар арасында түрлі пікірлер өрбуде. Құрама Штаттағы басым көп халық халықтың қолында қару болу нағыз демократия деп қарайды. Тіпті АҚШ тарихында қаруға шектеу қоюды көтеріп, президенттік сайлауға түскендердің басым көбінің жолы бола қойған жоқ.

“The Qazaq Times”