Алматыда троллейбус және автобустарда жолақы қымбаттамайды. Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек мәлімдеді.

"Қала тұрғындарының есебінен өтемақы, субсидия бөлінеді, автобус парктерінің 30 пайызы жаңарды, 24 маршрут түрі жаңарды, тұрғындардың өтініші бойынша 10 автобус бағыты қайта жаңарды. Бірақ кейбір жеке тасымалдаушылар наразылық турдырып, жолақыны 150 теңгеге дейін көтеруді талап етеді. Қостанайда баға 100 теңге екенін айтады, бірақ өздерінің қызмет сапасын көтеруге уәде беріп отырған жоқ. Алматыдағы 80 теңгелік тариф 2012 жылдан бері көтерілген жоқ. 20 жыл ішінде автобус парктері ақшаны күреп тауып келді. Субсидияны алды, көмектесу бір басқа. Ол қаражаттың бәрі қайда кетті? Біз ретке келтірген уақытта мемлекеттің қолдауымен жолаушыларды тасымалдау нарығы 20 млрд теңгені құрады. Кейбірі қоқан-лоқы көрсеткілері келеді. Мұны қатаң түрде ретке келтіреміз",, -деді Байбек бүгін халық алдында есеп беру кезінде.

Әкімнің сөзінше, биыл қоғамдық көліктерді субсидиялауға, 255 мыңға жуық жолақы жеңілдігі үшін және тасымалдаушылардың шығынын жабуға 15 млрд теңге бөлінетінін атап өтті.

Ал бұдан бұрын 17 қаңтарда Алматыда жолаушы тасымалдаушылар қала әкіміне автобус парктерінің шығындарын толық субсидиялау және автобустар мен троллейбустардағы жолақыны 150 теңгеге дейін көтеру туралы мәселені қарауды өтінген еді.

Айта кетейік, Алматыда жолақы құны  қолма-қол төлеген жағдайда 150 теңге. Ал "Оңай" картасы, SMS және банк карталарымен 80 теңге төлеуге болады. Бұл жүйе 2017 жылдың 1 тамызында енгізілді.

“The Qazaq Times”