Біріккен Корольдіктің адам құқықтары жөніндегі сүриялық обсерваториясы (SOHR) соңғы 48 сағат ішінде Сүриядағы шығыс Гутаға (Eastern Ghouta ) жасалған қарулы шабуыл мен әуе соққыларынан кемінде 250 адам қайтыс болғанын хабарлады, - деп мәлімдейді CNN ақпарат агенттігі. 

Құрбандардың 58-і балалар, 42-сі әйел адамдар. Жалпы 1200-ден астам адам түрлі жарақат алған.

SOHR-дың мәліметінше, сейсенбі күні кемінде 106 адам қайтыс болған. 2013 жылы аймаққа жасалған химиялық шабуылдан бері (1400 адам мерт болды) ең көп адам шығыны кеше болып отыр.

Гутадағы аурухана басшысы мен педиатр Амани Баллур (Amani Ballour): "Бізге бірнеше мәрте әуе күштері шабуыл жасаған. Бірақ мұндайды бірінші рет көріп отырмыз", - деді.

Дәрігерлер жараланғандардың барлығына көмек көрсетіп үлгеру үшін демалмай жұмыс істеп жатыр. Дүйсенбі күні шабуыл кесірінен бірнеше аурухана қирағаны хабарланды. Елде медициналық құрыл-жабдықтар мен дәрі-дәрмектердің тапшылығы 2012 жылдан бері жойылмай келеді.

Шығыс Гутаны Аль-Каидамен байланысты Hayat Tahrir al-Sham-ды ("Jabhat al Nusra" атымен белгілі болған)  қосқанда түрлі исламдық топтар бақылауына алып алған. Сүриялық күштер Гутаға шабуылын күшейтіп,  аталған топтар қарамағындағы елдің басқа да аймақтарына шабуылдауға көшеді.

Жалпы Шығыс Гутада шамамен 400 мың адам тұрады. БҰҰ ақпаратынша, жергілікті халықтың басым көпшілігі гуманитарлық көмекке мұқтаж.

ИГИЛ өзінің территориялық базасынан айрылғаннан кейін сүриялық күштер (Ресей қолдауымен) елдің басқа аймақтарын қолға алуға кіріседі. Гутаның шығысындағы шабуыл тағы бір "деэскалациялық аймақ" саналатын Идлиб (Idlib) аймағындағы (1 млн тұрғыны бар) шабуылмен қатар жүріп жатыр.  Шығыс Гутадағы шабуыл зардабы 2016 жылы Алепподағы шабуылдан да ауыр болайын деп тұр.

Айта кетерлігі, Ресей, Түркия және Иран арасындағы келісімде Шығыс Гута "деэскалациялық аймақ" болып есептеледі. Теориялық тұрғыда мұндай аймақтар Сүриядағы соғыс шеңберінде болып жатқан қандай да шабуылдардан тыс, халық бейбіт өмір сүре алатын, қауіпсіз аймақ саналады. Соңғы 48 сағатта Шығыс Гутада болған жағдай халықаралық наразылық тудырды.

“The Qazaq Times”