Украина ресми Минскінің БҰҰ-ның Донбастағы бейбітшілікті қолдау миссиясына қатысуына қарсы – деп хабарлайды Корреспондент газеті.

Басылым мәліметінше, Украина Сыртқы істер министрі Елена Зеркаль БҰҰ-ның Донбастағы бейбітшілікті қолдауға байланысты өтетін отырысына қатысты «5 канал» телеарнасына сұхбат берген. Онда ол: «Менің білуімше, Беларусь ҰҚШҰ (ОДКБ) құрамынан шыққан жоқ, әлі де соның мүшесі. Егер біз НАТО-ны бейбітшілікті қолдау миссиясының отырысына қатыстырмайтын болсақ, онда Беларусьты да шеттеткен дұрыс шығар. Қазіргі таңда ең басты мәселе бітімгер әскердің Украина мен Ресей арасындағы шекараға орналасуы. Бұл жөнінде ұзақ уақыттан бері пікірталас жүріп келеді» - деген.

Естеріңізге салайық, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қаңтар айында АҚШ-қа жасаған ресми іс-сапары кезінде: «Украина дағдарысына байланысты Минск келіссөздері тығырыққа тірелді» - деп мәлімдеп, Минск келіссөздерін Беларусьтан Астанаға ауыстыруды ұсынған болатын. Кейіннен Беларусь Сыртқы істер министрі Владимир Макей: «Украинадағы жағдайларды реттеуге байланысты келіссөздерді Минскіден Астанаға ауыстыру мәселені шешпейді. Біз өзгелермен салыстырғанда бітімгерлер лаврының артынан жүгіріп жүрген жоқпыз» - деп мәлімдеген.

“The Qazaq Times”