Оңтүстік Кореяның Пиоңчаң қаласында өтіп жатқан  қысқы Олимпиада ойындарында Германия бірінші орында тұр.

16 ақпан күнгі нәтиже бойынша неміс спортшылары жарыс басталғалы бері 9 алтын, 2 күміс және 4 қола медальды қанжығаға байлаған. Екінші орында 6 алтын, 8 күміс және 5 қоламен норвегиялықтар тұр.

Ал 6 алтын, 5 күміс және 3 қола медальды жеңіп алған Нидерланды құрамасы үшінші орында. АҚШ спортшылары төртінші орында, әзірге олардың еншісінде 5 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль бар. Үздік бестікті  4 алтын, 5 күміс, 4 қола жеңіп алған Канада аяқтап тұр.

Ал Қазақстан құрамасында әзірге бір қола медаль бар және есеп бойынша 21 орында.

Айта кетейік, 9 ақпанда басталған қысқы Олимпиада ойындарына Қазақстан  57 жолдама жеңіп алған. Спортшылар спорттың 9 түрінен қатысып жатыр. Оңтүстік Кореяда өтіп жатқан бұл ойында әлемнің 90 елінен келген 2900 спортшы 102 медальды сарапқа салады.

“The Qazaq Times”