Солтүстік Корея 2018 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарының ашылуына бір күн қалғанда әскери шеру өткізді – деп хабарлайды AFP ақпарат агенттігі.

Агенттік мәліметінше, ақпан айының 8-і күні Солтүстік Корея қарулы күштері ел астанасы Пиоңяң қаласында әскери шеру өткізген. Шеруге 13 мың сарбаз бен 50 мыңға жуық көрермен қатысқан. Бірақ ресми Пиоңяң әскери шеру жөнінде ешқандай мәлімдеме таратпаған. Солтүстік Корея орталық телеарнасы да шеру жөнінде ешқандай ақпарат таратпаған. Биыл ХХІІІ Қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге тас-түйін дайын отырған Оңтүстік Корея билігі аталмыш жағдайға байланысты: «Біз КХДР қарулы күштерінің Пиоңяң қаласының «Ким Ир Сен» атындағы орталық алаңында әскери шеру өткізгенін естідік» - деген қысқаша ғана мәлімдеме жасаған.

Естеріңізге салайық, бұған дейін КХДР Оңтүстік Кореяның Пиоңчаң қаласында өтетін Қысқы Олимпиада ойындарына 200 жанкүйерін жіберген және Олимпиаданың ашылу салтанатына Ким Жоң Унның кіші қарындасы қатысатынын мәлімдеген.

“The Qazaq Times”