2017 жылы Қазақстан үкіметінің қарызы 193,3 млрд теңгеге дейін жеткен. Ал биыл мұнай құны айтарлықтай өскені белгілі. Әйтеуір 2015 жылғыдай 30 доллардан төмен емес. Бірақ мұндағы қара-қайшылық мынада. Қазақстан мұнайлы ел бола тұра және мұнай бағасы көтерілген күннің өзінде мемлекеттің қарызы азаюдың орнына көбейіп жатыр. Сонда үкіметтің мұнайдан, салықтан тапқан табысы қайда кетіп жатыр? Қарыз "өңде емес  түсте ғана" азайып жатқан секілді.

Егер ҚР Қаржы министрлігі ұсынған мәліметтерге мән берсек, 2017 жылы үкіметтің қарызы 14,8 пайызға өсіп, 10 трлн 193,3 млрд теңгеге дейін жеткен. Яғни қарыз көлемі 1 трлн 316 млрд теңгеге артқан. Доллар эквивалентімен есептер болсақ, өсім 15,1 пайызға немесе 4 млрд 37,0 млн доллардан 30 млрд 672 млн теңгеге дейін жеткен.

Сонымен егер Министрлер кабинеті қарыз көлемін 2016 жылғы деңгейде сақтап, нарықтағы тәуекелдерді шектеген болса, онда бұдан үнемделген қаржы Қазақстандағы басты әлеуметтік салалардың бірін қаржыландыруға жетер еді. Сонда қазынаны толттырудың басқа көздерін іздеудің қажеті болмас еді.

Үкіметтің ішкі қарызына келер болсақ, мұның көлемі "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" есебінен қаржыландырылып отырған күннің өзінде 3 есеге өскен немесе (32,1%) 5 трлн 624,3 млрд теңгеге дейін жеткен. Ал доллар есебінде алып қарар болсақ, көрсеткіш 0,4 пайызға (32,5 пайыз) жоғары. Яғни 16 млрд 923,8 млн доллар шамасында. Ал мұнай бағасының көтерілуіне қарамастан, қарыз сомасының бұлай тез өсуі  түсініксіз жағдай екені анық.

Өйткені қазына мұнай бағасы арқылы артып жатқандықтан, оның кірісі де артуы тиіс еді. Сондықтан қарыз көлемінің артуына еш негіз көрмей тұрмыз. Оның үстіне  сенімді және табысты қаржы құралдарына орналастыруға болатын "БЖЗҚ" АҚ-ның да зейнетақы активтері үнемі ұлғайып отыратынын естен шығармаған жөн.

Дегенмен Халықаралық валюта қоры мен басқа да қаржы жөніндегі рейтинг агенттіктерінің мәліметінше, үкіметтің сыртқы қарызы 2017 жылы 0,8 пайызға немесе 13 млрд 748,5 млн долларға дейін төмендеген. Ұлттық валютамен есептер болсақ, қарыз 4 трлн 569,0 млрд теңгеге дейін төмендеген. Бұл қарыздың 6,5 млрд доллары түрлі тәуелсіз еурооблигацияларға тиесілі болса, 4 млрд 15,7 млн доллар Дүниежүзілік банкке, 2 млрд 164 млн доллары Азия даму банкіне тиесілі.

Қаржы министрлігінің статистикасы бойынша Ұлттық банктің сыртқы қарызы жоқ. Бірақ, ішкі қарыз көлемі айтарлықтай өскен. Шамамен 26,4 пайызға немесе 3 трлн 183,4 млрд теңгеге дейін көтерілген (доллар эквивалентімен есептер болсақ, 26,7% немесе 9 млрд 579,1 млн долларды құрайды). Мұнда ескеретін нәрсе, бас банк қарызының өсуі нарықта теңге өтімділігінің артып кетуімен байланысты.

Бұдан бөлек, 2017 жылы мемлекеттегі жергілікті органдардың да қарыз алуға деген "құлшынысы" артқан деуге болады. Мысалы олардың мемлекеттік қарызы 30,1 пайызға, 572,1 млрд теңгеге дейін өскен. Америка валютасымен есептер болсақ - 1 млрд 721,6 млн доллар (30,5 пайыз). Шын мәнінде оларға кредит беріп отырған үкімет. Бірақ осы қарыз көлеміне қарамастан өңірлерге 2018 жылдың басында тағы 444,7 млрд теңге қажет болған.

Сонымен 2017 жылы Қазақстанның мемлекеттік қарызының жалпы сомасы 18 пайызға, 13 трлн 504 млн теңгеге, АҚШ валютасымен 40 млрд 635 млн долларға дейін көтерілген. Статистика толық болу үшін бұған енді  мемлекет кепілдік берген мемлекеттік қарыз сомасын (446,1 млрд теңге немесе 1 млрд 342,5 млн долларды) және мемлекеттік кепілгерліктері бойынша борыш (37,8 млрд теңге немесе 113,8 млн доллар) көлемін қосамыз.

Қазақстанның қарызы. Фото: QT

“The Qazaq Times”