Оңтүстік Кореяның Пиоңчаң қаласында өткелі жатқан қысқы Олимпиада ойындарының басталуына бірнеше күн қалған кезде, шаңғы спорты бойынша бірнеше спортшының допинг қолданғаны туралы мәліметтер ашыққа шыққанын әлемдік танымал БАҚ өкілдері хабарлады.

Британияның The Sunday Times басылымы және Германияның ARD арнасы 10 мыңға жуық қан анализдерінің тексеру қорытындысы туралы мәліметтерді қолға түсірген. Аталған БАҚ өкілдері мұндай мәліметтердің жариялануы алдағы уақытта допинг жанжалын күшейте түсуі мүмкін дейді. Ал, бұл реткі қысқы Олимпиада ойындарына қатысатын спортшылардың саны екі мыңның айналасында. Пиоңчаң қысқы Олимпиада ойындары осы аптаның соңында басталғалы тұр.

Аталған БАҚ құралдары қол жеткізген мәліметтерге қарағанда 2001 жылдан бергі шаңғы спортшылары  алған медальдардың үштен бірін қан анализі күдікті деген спортшылар алған. Оның ішінде Әлем чемпионаты мен Олимпиада спортшыларының 91 алтын медалі де бар. Ал алдағы қысқы Олимпиада ойындарында өз елінің туын көтеріп жарысқа қатысудан шеттетілген Ресей спортшылары бұл тізімде бірінші орында тұр.

The Sunday Times басылымы қолындағы мәліметтерге сүйене отырып, Пиоңчаң Олимпиадасына қатысуға рұқсат алған 50 шаңғы спортшысы допинг қабылдаған болуы мүмкін, бірақ санкцияларға ілінбей қалған деп болжайды.

Пиоңчаң Олимпиадасына Ресей 389 спортшы қатыстыруды өтініш еткен, бірақ, Халықаралық олимпиада комитеті тек 169 спортшыға ғана рұқсат берді. Тіпті, ресейлік әлемге танымал спортшылар Антон Шипулин мен Сергей Устюгов те ойыннан шеттетілді.

“The Qazaq Times”