Эмма Янг есімді 14 жастағы бала Альцгеймер ауруына шалдыққандарға көмектесетін мобильді қосымша ойлап тапты.

Microsoft компаниясының негізін қалаушы Билл Гейтс өзінің ресми парақшасында әжесінің жанұясы мен жақындарын танымай қиналғанын көріп өскен Эмма Янг есімді жеткіншектің (Emma Yang) адамның бет-әлпетін тану функциясы мен  жасанды интеллект мүмкіндігін пайдалану арқылы әжесі мен басқа да ауруларға көмектескісі келетіні туралы айтқан.

Эмманың өзі технология туралы: "Шамамен 7-8 жасар кезімде әжемнің тым ұмытшақ болып кеткені есімде. Альцгеймер ауруы салдарынан уақыт өте келе оның есте сақтау қабілеті тек нашарлай берді. Сол себепті бұл аурудың тек сонымен ауыратын адамға ғана емес, оның жақындарына да қалай әсер ететінін мен жақсы білемін. Технологияны пайдалану арқылы олардың өмірін жеңілдеткім келеді" - дейді.

Эмманың қосымшасы "Мәңгі" (Timeless) деп аталады. Ол әлі де жетілдіріліп жатыр. Жоспар бойынша, емделушілер қосымшадан достары мен отбасы мүшелерінің суреттерін таба алады. Ал қосымша олардың емделушіге кім болып келетінін айтады. Сонымен қатар емделуші біреуге қайта-қайта қоңырау шалуға тырысса, қосымша "Сенімдісіз бе? Сіз оған 2 минут бұрын ғана хабарластыңыз" деген ескерту жасайды. "Мен" деген парақшаға өтсе, емделуші өзінің есімін, жасын, телефон нөмірі мен мекен-жайын көре алады.

Қосымшаның келесі пилот нұсқасын жасау үшін Эмма краудфандинг арқылы қаржы жинап жатыр.

“The Qazaq Times”