АҚШ Сүрия Үкіметін "жергілікті халыққа қарсы химиялық қару қолданды" деп айыптады. АҚШ мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Хизер Нойерт Шығыс Гутада Үкімет әскері хлорлы газ қолданғанын мәлімдеді. Бұл туралы Әл-Жазира ақпараттық агенттігі жазды. 

Хизер Нойерт өзінің твиттер парақшасында: "Ресей өз ықпалын пайдаланып, Сүрияның әрекетіне тосқауыл болмау арқылы дұрыс таңдау жасаған жоқ. Өз халқына қарсы химиялық қару қолдану - ар-ожданға қайшы келетін әрекет" деп жазды. Ресей Сүрия Үкіметінің жақын одақтасы ретінде осыған дейін өңірдегі химиялық қару қолданысын зерттеу туралы БҰҰ-ның резолюциясына вето құқығын пайдаланып, тоқтау салған еді.

Шығыс Гута - Сүриядағы басқыншы топтардың қол астындағы аумақтардың бірі. 2013 жылдан бері Сүрия Үкіметінің шабуылына ұшырап келеді. Бұл аймақта 400 мың адам тұрады және жергілікті халық азық-түлік тапшылығы мен дәрі-дәрмек жетіспеушілігінен зардап шегіп отыр. Жуырда Венада өткен кездесу кезінде жасалған Шығыс Гутада оқ атпау туралы келісім небәрі бірнеше сағатқа қана созылған.

 “The Qazaq Times”