Ұлыбританияның премьер-министрі Тереза Мэй кеше Қытай орталық қаласы Бейжіңде ресми сапарын бастады. Оның сапарының басты мақсаты Ұлыбритания мен Қытай арасындағы сауда қарым-қатынасын тереңдету және Ұлыбританияның әлемдік амбициясын көрсетуге бағытталған. Бұл туралы «WSJ» басылымы, «Шинхуа» ақпараттық агенттіктері хабарлайды.

Танымал The Wall Street Journal басылымының айтуынша, Тереза Мэй үшін Қытай сапары аса маңызды болған. Бұл алдағы уақытта ЕО-дан қол үзген Британия экономикасының болашағына берік негіз қалайтын сапар болады деп күткен. Алайда, қазіргі кезде Британияның ЕО-дан шығу туралы келіссөздеріне қатысты ішкі талас-тартыс пен дау-дамай премьердің бұл сапарын мағынасыз етіп қойғандай.

Тереза Мэй Британия үкіметінің 50 негізгі өкілін бастап, Қытайда үш күндік сапарда болмақ. Сапардың күн тәртібі бойынша Қытай басшысы Ши Жинпиңмен жұма күні кеңейтілген отырыс өткізеді.

Қытайдың «Шинхуа» ақпараттық агенттігінің хабарына қарағанда, Тереза Мэй Қытайдың оңтүстік қалаларына да сапарлайды. Қытайдың студенттер қаласы Уханда жасаған баяндамасында Мэй, Ұлыбритания-Қытай арасындағы білім саласындағы терең ынтымақтастық туралы сөйлеген. Ол Ұлыбританияда 155 мың қытайлық студенттің білім алып жатқанын, Ұлыбритания экономикасына жыл сайын 7 млрд АҚШ доллары кіріс түсіргенін алға тартқан.

 “The Qazaq Times”