Facebook әлеуметтік желісі өзінде  криптовалюта, ІСО және бинарлы опциялар туралы жарнама жасауға тыйым салды. Бұл туралы әлеуметтік желінің ресми парақшасында хабарланды. 

"Бинарлы опциялар мен криптовалюта сияқты жалған немесе алдамшы технологиялармен байланысы бар қаржы өнімдері мен қызметтерді жарнамалауға тыйым салуды енгізіп жатырмыз", - дейді Facebook компаниясының өнімдерді басқару жөніндегі директоры Роб Койн.

Компания атап өткендей, олар қолданушылардың алаяқтықтан қорықпай-ақ, Facebook-та берілетін жарнамалар арқылы жаңа өнімдер мен қызмет түрлерін біліп отырғанын қалайды екен.

"Дегенмен, қазіргі кезде адал жолмен жұмыс істемейтін бинарлы опцияларды, ICO және криптовалюталарды жарнамалайтын көптеген компаниялар бар", - делінген хабарламада.

Әлеуметтік топ-менеджерлерінің сөзінше, олар опциялар мен криптовалюталар туралы әрбір жарияланымды бақылап отыра алмайды, сондықтан қолданушыларды өздеріне көмекке шақырып отыр.

Ал алдағы уақытта жоғарыда аталған жарнама саясаты Instagram-ға пайдаланылатын болады.

“The Qazaq Times”