Ауғанстанның астанасы Кабулдағы Intercontinental қонақ үйіне қарулы топ тарапынан жасалған шабуыл тоқтатылды. Ішкі Істер министрлігінің мәліметінше, үш шабуылшымен қатар, алты қонақ (біреуі - шетелдік) оқиға орнында  қаза тапқан. Ауғанстанның қауіпсіздік күштері ғимаратты босату операциясы барысында 160 адамды құтқарған. Оның 41-і - шет ел азаматы, жараланғандар - жетеу. Жергілікті Tolo ақпараттық агенттігі өз тілшісінің қонақ үйдің ішінде тағы бірнеше адамның өлі денесін көргені туралы жазып, құрбан болғандар саны ресми деректерден артық болуы мүмкін деген болжам жасайды. Бұл туралы ВВС ақпараттық агенттігі жазды. 

Ауғанстанның Kam Air әуе компаниясы қатарындағы шетелдік азаматтарды қосқанда, қонақ үйде 42 қызметкердің болғанын, оның бесеуі шабуылшылардың қолынан мерт болып, 18-і іздеуде екенін жариялады. Жоғарғы қабаттарда тұратын қонақтар өз қабаттарында өрт басталған кезде, төсек жаймаларының көмегімен терезеден жерге түспек болған. Осындай жолмен өмірін сақтап қалмақ болғандардың бірі Мұхаммед Мұса жерге құлап, жарақат алғанын айтады.

Afghan Telecom компаниясының өңірлік директоры Азиз Тайеб қарулы топ кіріп келгенде сыртқы есікке қарай беттеп келе жатқан. Бірден жасырынып үлгерген ол, бірнеше секунд бұрын алаңсыз тамақ ішіп отырған адамдардың бір сәтте айқайға басып, жүгіргенін, біреулердің оққа ұшып, құлағанын өз көзімен көргенін айтады. Оның хабарлауынша, қылмыстық топ мүшесінің бірі өзге серіктестеріне: "Бірің де тірі қалдырмаңдар! Бәрін атыңдар!" деген бұйрық берген.

Ауғанстанның қауіпсіздік күштері шетелдік әріптестерінің көмегімен қонақ үйдің төбесіне тікұшақпен қонып, құтқару операциясын таңға дейін жүргізді. Ішкі Істер министрлігі қонақ үйдің қауіпсіздік қызметі осыдан екі апта бұрын жеке компанияға берілгенін айтып, шабуылшылардың ғимаратқа қалай кіргенін анықтайтынын мәлімдеді. Қонақ үй басшысы қарулы топтың ас үй арқылы ішке енгенін айтады.

АҚШ-тың Кабулдағы елшілігі оқиға болардан бірнеше күн бұрын келесі мәтіндегі ескерту жазбасын жариялаған болатын: "Бізге экстремистік топтар Кабулдың қонақ үйлеріне қарсы шабуыл дайындап жатқаны жөнінде ақпарат түсті. Бұл қонақ үйлерден бөлек, шетелдіктер көптеп жиналатын қоғамдық көлік, жергілікті базар, не басқа да орындар болуы мүмкін".

Intercontinental қонақ үйі  осы аттас әлемдік қонай үйлер желісіне кірмейді. Ол  - әртүрлі бағыттағы жиындар өткізіп,  шетелдік қонақтарды қабылдауға арналған мемлекеттік қонақ үй. Аталған қонақ үйге жасалған шабуылды әзірге "Талибан" террористік ұйымы өз мойнына алып отыр.

“The Qazaq Times”