Facebook компаниясы жалған ақпараттармен күресуді бастайды. Ғаламдық аудиторияға сенімді, тексерілген жаңалықтар тарататын ақпарат көздерін анықтау үшін компания өз қолданушыларының арасында арнайы сауалнама жүргізбек. Алынған нәтижеге сәйкес, жаңалықтар қызметінің рейтингі жасалады. Facebook компаниясының негізін салушы Марк Цукербергтің айтуынша, қолданушылардың жаңалықтар лентасы 4 пайызға дейін қысқарады. 

Сарапшылар Facebook  қолға алып отырған шараны осыдан бұрын компанияға Ресейдің қолдауымен АҚШ-тағы Президент сайлауында Дональд Трамптың жеңіске жетуі үшін қоғамдық санаға әсер ететін посттар таратуға қатысқаны жөнінде тағылған айыптарға жауап деп қабылдады. Жуырда Twitter компаниясы да 2016 жылғы сайлау кезінде АҚШ аумағындағы 677 қолданушы Ресей боттарынан таратылған ақпараттарды бөліскенін анықтағанын жариялады.

Пилоттық жоба ең әуелі АҚШ қолданушыларының арасында сыналады. Ол сауалнаманың нәтижесі қоғамдық жариялауға жатпайды. Дегенмен, жаңа жобаға артылатын сеніммен қатар күдік те көп. Мәселен, сауалнамаға қатысушылар ВВС, New York Times сияқты атақты, ондаған жылдар бойы тарихы мен тәжірибесі бар ақпарат көздеріне дауыс беруі ықтимал. Бұл жаңадан құрылған, не болмаса оқырманы аз жаңалықтар ресурстарына кері әсерін тигізеді. Яғни, бұл жүйе жаңалықтың сенімді не күмәнді екенін емес, ақпараттық порталды қанша адам оқитынын не танитынын білдіреді. Бұл мәселеге қатысты Facebook компаниясының Жаңалықтар лентасына жауапты Адам Моссери жергілікті ақпарат таратушы компаниялардың қорғалатынын айтты. Сондай-ақ қолданушыларға өзі тұратын аумаққа қатысты жаңалықтар мен соңғы оқиғаларды көбірек көрсетуге мүмкіндік беретін жүйенің жұмысы жетілдіріледі.

“The Qazaq Times”