Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайымова агенттік қызметкерлерінің қанша жалақы алатыны туралы айтты.

"Қазіргі уақытта бізде 158 мың теңге - ең төменгі жалақы, максимум - 400 мың теңге шамасында", - деді ол Астанадағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Оның сөзінше, агенттік мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын төлеу үшін жаңа төлем жүйесін енгізу жөніндегі пилоттық жобаға қатысатын болады. Жаңа жоба бойынша өңірлер мен орталықта жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкерлердің жалақылары арасындағы айырмашылық 10 пайызға дейін төмендеп, орташа айлық жалақы екі есе артуы мүмкін.

"Мысалы облыста төменгі лауазымда жұмыс істейтіндердің жалақысы 62 мың  теңгеден 117 мың теңгеге дейін көтеріледі. Бұл облыс әкімдігіндегі жетекші мамандарға қатысты. Ал орталықтағы жалақы 84 мың теңгеден 136 мың теңгеге дейін жоғарылайды", - деді ол.

Бұдан бөлек, жаңа жүйе бойынша мереке күндері берілетін сыйақыны алмастыратын бонус қоры құрылады. Бұл бойынша жылына бір рет төрт айлық жалақы көлеміндегі бонус төлемдері енгізіледі. Алайда бонустар тек тиімді жұмыс істеген мемқызметкерлерге ғана беріледі.

“The Qazaq Times”