АҚШ ресми өкілдерінің мәлімдемесінде, Қытайға қарасты 6 кеменің Солтүстік Кореяға жасырын көмек беріп, БҰҰ-ның санкциясын бұзғанын дәлелдейтін спутниктен түсірген суреттердің бар екені айтылды. Бұл туралы «WSJ» басылымы хабарлады.

Трамп басқармасы Солтүстік Кореяны ядролық қаруды дамыту стратегиясын және ұзақ мерзімді зымыран бағдарламаларынан бас тартуға шақырып келеді. Ол үшін БҰҰ бекіткен Солтүстік Кореяға қарсы санкцияның толық атқарылуын да қадағалауда. Солтүстік Шығыс Азия суларынан түсірілген спутниктік суреттер арқылы, КХДР-ға бағытталған санкцияны бұзған қытайлық кемелердің бар екенін байқаған.

Солтүстік Кореядан санкция тізіміндегі өнімдерді тасушы кемелер. Фото: WSJ.

Америкалық барлаушылардың жинақтаған мәліметтеріне қарағанда, аталған кемелердің аттары мен орындары туралы толық мәліметтер бар. Айталық, бұл кемелер Солтүстік Кореяның портына кіре алады, АҚШ шенеуніктерінің қарауынша бұлар Ресей мен Вьетнамға тыйым салынған заттарды жеткізеді немесе бұл заттарды теңізде айырбастайды.

АҚШ тарабының қолында бар дәлелдері айғақтағандай, бұл кемелер Солтүстік Кореяға қарсы БҰҰ санкция шарттарын бұзатын көптеген істерді атқарады. Айталық, Біріккен Ұлттар Ұйымы Солтүстік Кореяға көмір, темір рудасы, қорғасын және теңіз өнімдерін экспорттауға тыйым салды. Бұл тауарлар жыл сайын Солтүстік Кореяға шамамен 1 млрд АҚШ доллар табыс әкеледі.

Қытайлық кемелердің теңізде жасырын зат алмастыруы. Фото: WSJ.

«The Wall Street Journal» басылымы көрсеткен кемелерге қатысты мәліметтерде, алты кеменің Қытайдың Гонконг қаласында тіркелгені және акционерлер Қытай азаматтары екені көрсетілген. Бұл кемелерге алдағы уақытта АҚШ Қазына департаменті арнайы санкция дайындауға кірісті.

“The Qazaq Times”