Америкалық сенаторлар Роджер Викер, Марк Рубио және Кори Гарднер ресейлік миллиардер Әлішер Усмановқа қарсы санкция жариялауды ұсынды – деп хабарлайды Forbes журналы.

Басылым мәліметінше, сенаторлар Усмановқа санкция салуды сұрап АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсонға, Қаржы министрі Стивен Мнучинге және Ұлттық барлау қызметінің басшысы Дэн Коутсқа хат жолдаған. Аталмыш хат Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі комиссия ресми сайтында жарияланған.

Роджер Викер, Марк Рубио және Кори Гарднер өздерінің аталмыш хатты жолдауын «Новая газета» және Алексей Навальныйдың «Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» қорының Усманов жайында жариялаған материалдарынан кейін жазғандықтарын айтқан. Сенаторлар Әлішер Усмановты Кремльге жақын олигархтардың бірі деп есепейді.  Олар Усмановтың жақында Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведевке қатысы бар қайырымдылық қорына 85 миллион доллар қаржы аударғанын өз сөздеріне дәлел ретінде келтірген.

Айта кететін бір жайт, ресейлік олигарх Әлішер Усмановтың Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевпен де қарым-қатынасы жақсы. Мирзиеев өзінің ресми іс-сапарларын бірнеше рет Усмановтың жеке ұшағымен жасаған. Бұдан бөлек Усманов Ресей журналистеріне берген сұхбатында: «Мен өмірден озғаннан кейін бар байлығымды Өзбекстан халқына тастап кетемін» деп мәлімдеген.

“The Qazaq Times”