Оңтүстік Корея әлем елдерінің ескертулеріне қарамастан, Пиоңяңмен жандана бастаған қарым-қатынасын нығайтуға күш салатынын мәлімдеді. Осыдан алдын болған екіжақты келіссөздер кезінде Солтүстік Корея Пиоңчаңда өтетін қысқы Олимпиада ойындарына спортшыларын жіберетіні және қос мемлекеттің хоккейден әйелдер құрамасы бір тудың астында өнер көрсететіні жөнінде мәміле жасалған еді. Бірқатар әлем басшылары КХДР-ның жұмсақ мінез танытқанын санкциялардың әсері деп бағалап, экономикалық қысымды онан әрі күшейте түсуді ұсынып отыр. Бұл туралы ВВС ақпараттық агенттігі жазды. 

Осыдан бұрын Канадада өткен жиын кезінде Жапонияның Премьер-министрі Таро Коно Солтүстік Кореяның дипломатияға оңай көнгенінен күдіктеніп, Оңтүстік Кореямен байланысын қайта жаңғыртуын ядролық қару бағдарламасын жалғастыру үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға уақыт ұту тәсілі деп таныған еді. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон да "Санкциялар ауыр соққы болды" деп, экономикалық қысым шараларын жалғастыру Солтүстік Кореяны келіссөздер үстеліне отыруға мәжбүр ететініне сенім білдірді.

Оңтүстік Кореяның Сыртқы Істер министрі Кан Кен Ва: "Біз жылдар бойы келіссөздер жүргізуге талпыныс білдіріп келгендіктен, Солтүстік Кореяны өзгелерге қарағанда жақсырақ білеміз деп ойлаймыз. Осыған дейін екіжақты қарым-қатынастарда алға ілгерілеу мен оң нәтиже болмаған еді. Енді сондай мүмкіндік туып отыр. Біз қолымыздан келгеннің бәрін жасау керекпіз", -деді.

“The Qazaq Times”